Облыс әкімі батырлардың анасы мен жарын мерекемен құттықтады
Халықаралық әйелдер күніне орай Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Қаңтар» оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Дастан Әділбай мен Рахат Сланбековтің отбасына барып, аяулы анасы мен жарын мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы бейбіт елдің тыныштығы үшін өз бастарын құрбан етіп, батыр атанған тұлғалардың қалыптасуына айрықша әсер еткен отбасына, анасы мен жарына алғыс айтып, ізгі тілегін жеткізді.
Нұржан Нұржігітов осындай батыр ұлдарды тәрбиелеп, ізін лайықты жалғап отырған марқұмдардың жақындарына ризашылығын білдіріп, олардың есімі, ерлігі мен өрлігі жас буынға үлгі-өнеге ретінде ел есінде мәңгі сақаталатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы «Қаңтар» оқиғасы кезінде ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша депатаменті Терроризмге қарсы орталығы бөлімінің бастығы, подполковник Дастан Әділбай мен Тараз қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбеков ерлікпен қаза тапқан болатын.
Олар Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.
Жамбыл облысы әкімдігі