ҚАРАТАУДАҒЫ КӨҢІЛ КҮЙ

Қаратау қаласының орталық «Жеңіс» алаңында 14 наурыз көрісу күні, яғни амал мерекесіне орай мерекелік шара өтті.

Мерекелік шара басында аудан әкімі Нұрбол Әбдімәжитұлы сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын Амал мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
— Наурыз келісімен Ұлы даламыз көркейіп, жаңарып керемет кейіпке енеді. Қысты артқа тастап қаздар келетін, жан біткен жаңғырып жақсы бір күйге енетін көктемнің ғажап мерекесі – Көрісу күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл – елдің ырыс-ынтымағын арттыратын айрықша мейрам. Адамдар бұл күні арасындағы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмытып, бір-біріне амандық — саулық тілейді. Ендеше ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында баршаңызға береке — бірлік, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге зор табыстар тілеймін! Салт — дәстүріміз әрдайым жалғасын таба берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» — деді аудан басшысы.
Одан кейін құттықтау сөз кезегі Жамбыл облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаеваға берілді.
Мерекелік шара барысында «Гүлдерай» ансамбілінің мың бұралған биші қыздары қала тұрғындарына мерекелік көңіл—күй сыйлады. Одан әрі сахна алдына жиналған көрермендер назарына мерекелік қойылым көрсетілді.
Ұйымдастырушылар тарапынан жиналған қонақтарға Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Өз кезегінде үлкендер жағы жиналғандарға ақ батасын берді.
Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі