Отпан таудағы «Амал» мерекесінен фоторепортаж

ОТПАНДАҒЫ ОЙ…

Құшақтап   Амал* таңын алсыншы деп,

Туысты –туыс көріп қалсыншы деп.

Еңіреген ерлеріме дұға жасап,

Есіне ендігінің салсыншы деп.

 

Қырмызы қыз бен келін алтын бесік,

Халқының арын ойлап барсын десіп.

Түспесін жатырға  құл,

Төсекке  кір,

Семсердей сертке тұрып қалсын десіп.

 

Шалдардан көсем жасап көрік қылып,

Жастарды әр сөзіне жерік қылып.

«Бір жеңнен қол, жағадан  бас шығарып»,

Кетсек деп үш тағанын беріп тұрып.

 

Бірінші: айтпай сезер бірлік болса,

Екінші: еңбек, білім – тірлік,болса,

Үшінші: салт пен дәстүр, өлі риза,

Дін — таза, ортақ намыс кіндік  болса!..

 

Қараорман Қаратауға келіп тұрса,

Қам жасап болашаққа сеніп тұрса.

Қайысып күндіз-түні халқын ойлап,

Жас көрсе, жаны сүйіп, кеңіп тұрса.

 

Отырып дін — мұсылман табақтаса,

Бар өнер, байлығына сабақтаса.

Әр Жігіт: «Отпан тауды менікі!»-деп,

Қорғаса, ит пен құсқа талатпаса.

 

Алты алаш бірін-бірі демеп тұрса,

Адайды -қарашаңырақ  себеп қылса!

Оятып үш жүз алпыс әулиені,

Пір Бекет: «А, Құдай!..» -лап жебеп тұрса.

 

Бар бақты ынтымақтан таппас па едік,

Ұрандап: ұран отты жақпас па едік?!

Жауға -сес, досқа-қуат, ұлтқа-рух,

Ен жайлап, Маңғыстауды  жатпас па едік?!

……………………………………………..

Ей, дүние-ай…

Ескерту: 

Амал* — ай атауы

 Сабыр Адай

«Серттесу» кіт-н. 2011ж.