ШУЛЫҚТАР ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ

АУДАН ӘКІМІ ДАУЫС БЕРДІ

Ел өміріндегі елеулі оқиға – ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауынан аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те тыс қалмай, №421 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

АЛҒАШҚЫ САЙЛАУШЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ДАУЫС БЕРУГЕ ШАҚЫРДЫ

Шу ауданының тұрғындары еліміздегі саяси науқанға белсене атсалысып, таң сәріден өз таңдауларын жасауда. Ең алғашқы дауыс беруші таңғы сағат 7.00-де Шу қаласындағы №453 сайлау учаскесінде тіркелді. Құқық қорғау органдарында қызмет ететін Ілияс Қазбек тарихи таңдаудан тыс қалмау керектігін айтып, аудан тұрғындарын дауыс беруге шақырды.

ТҰРҒЫНДАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАУДА
Бүгін елімізде Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Саяси науқаннан шулық тұрғындар да қалыс қалмай, таңғы 7.00-ден бастап тиісті сайлау учаскелері бойынша өз таңдауларын жасауда. Жалпы аудан бойынша 44 сайлау учаскесі бар болса, онда барлығы 63 946 сайлаушы дауыс береді деп күтілуде.

САЙЛАУ КҮНІ СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Сайлау күні және Наурыз мерекесі қарсаңында аудандағы сайлау учаскелерінде спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, бұқара халық арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мадақтама грамоталары мен сыйлықтар табысталды.

БҰҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР САЙЛАУШЫЛАРДЫ БІРІКТІРЕДІ
Бүгінгі күні аудан бойынша 44 сайлау учаскесі жұмыс жасауда. Ал нақты тіркелген сайлаушылар саны — 63 946 адам болса, оның 1132-сі — ең алғаш дауыс берушілер. Осыған орай таңғы 8:00 де бастау алған саяси науқан қарсаңында аудандық Мәдениет үйінің алаңында концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар әр учаскеде сайлаушылардың көңілін көтеруге арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, алғаш дауыс берушілер мен сайлау учаскелеріне алғаш болып келгендерге естелік сыйлықтар табысталуда.

АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ДАУЫС БЕРДІ
Еліміздегі өтіп жатқан жаңа форматтағы саяси науқанда ауылдық окург әкімдері де дауыс беруде. Арнайы тіркеу рәсімінен өткеннен кейін ауыл әкімдері дауыс берушілерге: Бүгін барша жерлестер үшін маңызды күн екенін ескертіп, таңдау жасап, дауыс беруге шақыруда.

ЕҢ ҚАРТ САЙЛАУШЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Шу ауданының орталығы Төле би ауылындағы №421 сайлау учаскесінде тіркелген ең қарт сайлаушы Ахметжан Қосақов ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында қызмет еткен ақсақал аталмыш саяси науқаннан аудан жастары да қалыс қалмауы керектігін жеткізді.

Шу ауданы әкімдігі