«ҚАРА ШАҢЫРАҒЫМЫЗДЫҢ» ЖЕҢІСІ

«Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қа­зақ­та қара шаңырақ қалған жоқ па?»,-деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, әлемнің 40 астам мемлекетінде тарыдай шашылып жатқан барша түркі жұрты бүгінгі Қазақ елін киелі де, қасиетті құт мекенім, қара шаңырағым деп құрметтейді.

Отаны жоқ, туы жоқ, тілі мен ділінен, құндылығынан, ұлттық тамырынан ажыраған қанша ұлт бар. Бұл жағы­нан алсақ, біз қазақ шүкіршілік ететін жағымыз көп. Түркі жұртының қара шаңырағына ие бол­ып отырған қазақтың арманы жоқ, десек, артық айтпаған болар едім.

 

 

Иісі қазақ үшін қара шаңырақ ұғымы өте қасиетті, қастерлі. Қашанда қара шаңырақты қадір тұтқан. «Шаңырақ» бұл киіз үйдің төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Отау құрған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл – құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.

Қазақ ұлтының қара шаңырағы бұл – бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған жері, ана тілі, ділі, ұлттық құндылығы, ұлттық болмысы, бабалар дәстүрі мен салт-санасы. Тек осы ерекшеліктерімізбен ғана ұлтымызды сақтай аламыз.

Әлемді жаулаған жаһандану үдерістері жағдайындағы ең бір өзекті мәселе бұл – біздің ұлттық болмысымыздан ажырап бара жатқанымыз болып отыр. Шеттен келіп жатқан дүниенің жақсы да, жаман жағы да бар.

 

Ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз

 

Жаһандық өзгерістер заманын­да отбасы құндылықтарын сақтап қалу қиын болып отыр. Еліміз ажырасудан алдыңғы қатардамыз десем, артық айтпаған болар едім. Отбасының рөлі төмендеп, ата-ананың өнеге-тәлімі азайып, абырой-беделі кеми түскендіктен бала сыртқы орта­ның әсеріне бейім болып отыр. Оған дәлел — қазіргі қоғамда белең алған түрлі келеңсіздіктер – ажырасу, зорлық-зомбылық,  безбүйрек ана, жауапсыз әке, ойнақтап жүріп от басқан бойжеткендердің ерте жүктілігі, сәбилердің қоқыстан табылуы, жасөспірімдер арасындағы түрлі қылмыстар, қарт әке-шешесін қорлау, қарттар үйіне өткізу, бір жыныстылар және басқа да рухани азғындықтықтар.  Мұның барлығы өзгенің қаңсығын таңсық етіп, өзіміздің ұлттық құндылығымыздан безгеніміздің, бабалар аманатына қиянат жасағанымыздың салдары.

 

Ел анасы Сәуле Мешітбайқызының “Алдарың жарық” болсын деген тілекпен сыйлаған күн энергиясынан қуат алатын шам

 

Мұндай жағдайда ұлттық мәдениеттің өзіндік ерекшелігін сақтау оңай емес. Өзекті өртер ахуалдың алдын алудың тиімді жолының бірі – ұлттың рухани құндылығынын жаңғырту және өскелең ұрпақ бойына дарыту.

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел азаматы, адам капиталы. Балаға берілген тәлім-тәрбие мен көрсеткен үлгі-өнеге оның өмір бойғы бағыт-бағдар беретін шамшырағы екенінін бір сәтте естен шығармауымыз керек.

 

 

“Ертегі -ел ертеңі” жобасы аясында мектеп оқушыларына ертегі оқу

 

Елімізде «күресу» мекемелері көп. Оған қыруар қаражат жұмсалады. Одан  қорқынышты статистика төмендеп, келеңсіздіктер азаймай отыр. Яғни, бұл нәтижесіз жұмыс.

ҚХА Ассамблеясында өткен “Тұсаукесер” дәстүрін көрсетуден көрініс

«Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі отбасы институтының мәртебесін көтеруге және ұрпақ тәрбиесі мәселесіне басты назар аударып, нәтижесіз күресті қойып тәрбиемен айналысып, отбасы құндылықтарын сақтайтын жұмыспен айналысып келе жатқанына біраз жыл болды.  «Қазақ әлемі», «Ертегі – ел ертеңі», «Ана алақаны», «Қара шаңырақ», «Өнегелі ата-ана -өрелі ұрпақ», «Ұрпақ. Мектеп. Қоғам», «Жас отау» авторлық жобалары аясында Елордамыздағы  бала бақшалармен және мектептерімен және мекемелерімен, оқу орындарымен тығыз жұмыс жүр. Ата-аналар қауымымен жұмыс істейміз. Түрлі рухани-танымдық іс-шаралар, кездесулер, шығармашылық сайыстар ұйымдастырып, жазда «Сарыжайлау» қазақ ауылын тігіп ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсетіп жүр. Қала әкімдігі, аудан әкімдіктері, ҚХА Ассамблеясы ұйымдастырған талай шараларға қатыстық. Қалалық кітапханалармен де тығыз жұмыс істеп келеді. «Қазақстан дәуірі» халықаралық газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналы ұйымдастырған шығармашылық сайыстарды ұйымдастыруға мұрындық болдық.

 

 

Былтыр мәслихат хатшысы Ерлан Қаналимовтың, әкімнің орынбасары Есет Байкеннің және Тіл басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің жанашырлық қолдауымен «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасы сәтті іске асырылды. Осы жоба көлемінде батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметованың ауқымды рухани кездесуін өткіздік. Былтырғы «Балалар жылы» аясында балаларға арналған 60 жуық іс-шара өткіздік.

 

Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу

 

Жаз маусымында қаламыздан 30 шақырым жердегі орманды алқапта өз күшімізбен «Сарыжайлау» қазақы ауылын аштық. «Баланы ашамайға отырғызу», «Сырға той» (құлақ тесу), «Тілашар» тәрізді қазақтың ұмыт болған дәстүрлерін көрсеттік. Аталмыш іс-шараларға ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз, қала әкімшілігі, зиялы қауым, жастар мен оқушылар қатысты.

 

 

Аз қамтылған отбасылардың балалары мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін этногрфиялық және экологиялық тәрбие сабақтарын өткіздік. «Сарыжайлауымыз» қаладан тыс жерде болып, қонақтардың келіп-кетуі қиындық туғызғанына қарамастан, көптеген рухани іс-шаралар өткіздік. Венгрия, Польша елшіліктерінің қонақтарын күтіп, қазақы дәстүрлерімізді дәріптедік.

 

 

«Қара шаңырақтың» жұмысы халық тарапынан қызу қолдау тапты. Әрине бәрі жақсы деуге болар еді. Бірақ «Қара шаңырақ» деген қастерлі ұғымды ту етіп жүрген бірлестіктің табан тірер орны, көтерер шаңырағы болмауы қынжылтатын жағдай болды. Өйткені жұмысыңды кеңінен жүргізу үшін өз орның болуы қажет.

«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие және салт-дәстүр орталығын ашу жайлы ұсыныспен бармаған жеріміз, баспаған тауымыз, ашпаған есігіміз қалмады десем артық айтпаймын. Талай хат жазылды, талай сөз естідік. Дегенмен, «Ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие бұл – ұлттың қорғаны» деген ұстаныммен, біздің жанайғайымызды еститіндер табылар, үмітіміз ақталар деген оймен ұлт болашағы, ұрпақтың ертеңі үшін жұмысымыз бір сәтте те тоқтатқан жоқпыз. Ұлт болашағын ойлайтын жанашырларымыздың рухани қолдауы мен бізге деген сенімі демеу болды. Халықтың алғысы мен шексіз ризашылығының арқасында мойымадық. Сүрінсек, қайта тұрдық. Халық қолдаған «Қара шаңырақтың» күндердің-күні жеңетініне сендік.

 

 

Биыл 8 желтоқсанда Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек Астанаға әкім болып тағайындалды. Қаламыздың мәдени өміріне атсалысып жүрген қоғам белсендісі ретінде 20 желтоқсанда әкімнің Сарыарқа ауданы тұрғындарымен кездесуге шақырылдым. Басында «жай ғана қатысайын, мәселемді айтпай-ақ қояйын, бұған дейін шешімін таппаған мәселе, енді шешіле қоймас» деген ойым болғаны рас. Бірақ бірер жыл бұрын Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әкімі болған кезінде  Қарағандыда «Қасым үйін» ашу жөніндегі идеяны қызу қолдап, уәдесінде тұрып, оны іске асырғаны жайлы әңгіме есіме түсті. Өз-өзіме «үмітің ақталар, мүмкін» деп қойып, жиында сөз алып, жаңа әкімге «Қара шаңырақ» жайлы айтқан едім. Сол жерде Жеңіс Махмұдұлы мұқият тыңдап, «қолдаймыз, қолымыздан келгенше көмек береміз» деп орынбасарларына тапсырма берген болатын.

Қаламыздың жаңа әкімі Жеңіс Махмұдұлы берген уәдесінде тұра алатын, нағыз азамат екенін көрсетті. Неше жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселеміз 3 айдың ішінде шешілді. Сүйінші, ағайын, «Қара шаңыраққа» ғимарат берілді!

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын…» деген ғой дана халқымыз. Бүгінде қолдауға зәру руханият, мәдениет саласына және ұрпақтың ертеңі үшін қажет ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген қоғамдық бірлестікке нақты қолдау көрсетіп, мәселенің шешілуін соңына дейін өзі қадағалаған Жеңіс Махмұдұлының азаматтық ісіне шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Өзіңіздей қоғам мен билік арасында алтын көпір болатын қоғамдық бірлестіктерді қолдаған мемлекеттік қызметкерлер ұтатынын түсінетін «еститін» басшылар көп болсын.

Құрметті Жеңіс Қасымбекұлы, сіз «Қара шаңыраққа» жеңіс сыйлаған әкім болдыңыз!

Өз тарапымнан, қоғамдық бірлестік басшысы ретінде де, жеке азамат ретінде де бұған дейін де және кейін де Астанамыздың мәдени-рухани тұрғыда өркендеуіне атсалыса беретінімді айтқым келеді.

Сондай-ақ, «Қара шаңырақтың» жұмысын ұдайы қолдап, шын жанашырлық танытатын қала әкімінің орынбасары Есет Байкенге, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимовке, Ішкі саясат басшысы Дәурен Бабамұратовқа, Тіл басқармасы басшысы Сәкен Есіркепке, «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация» қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.

 

Ұлттық ойын -асық.

 

Ғимаратымыздың ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан көшесінде болуы да кездейсоқ емес-ау деп ойлаймын. Ұлт құндылығын дәріптеп, қазақтың ертеңі үшін қызмет етіп жүрген «Қара шаңырақты» Жаратқан қолдап, бабалар рухы, Алаш рухы желеп-жебеп жүретініне сенемін.

«Қара шаңырақ» бұл – кешегі індетте өмірден өткен қазақтың біртуар ұлы, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, рухани ағам Мырзагелді Кемел ағамыздың ақ батасын алған «Қара шаңырақ».

«Қара шаңырақ» бұл – ұлттың болашағын, ұрпағының ертеңін ойлайтын барша арда қазақ қолдайтын ұлттық жоба.

Біздің мақсатымыз:

Бүгінге дейін елімізде болмаған, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие және салт-дәстүр орталығын» құру. Ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді көрсету, насихаттау, ұрпаққа ұлттық тәрбие беру.

Қазақтың ұлттық құндылығын дәріптеп жүрген, руханият пен ұлттық өнер саласындағы қоғамдық бірлестіктердің басын бір шаңырақ астына жинау.

Әрине, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие және салт-дәстүрлер орталығына кіргенде «қазақтың иісі аңқып тұрғандай» етіп жасау үшін материалдық, рухани қолдау мен шын жанашырлық керек.

«Көп түкірсе – көл» дейтін халықпыз ғой, «ұлтым деген қазақтың ұл-қыздары- жанашырлары» барда, қазақтың Қара шаңырағы шайқалмайтынына және ұлттық құндылығымыздың өшпейтіне сенемін.

 

«Қара шаңырақ» РҚБ директоры, тарихшы-этнолог, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрар Сәттарқызы Шәкен