Ұлттық құндылықтар ұлықталды
Шынында да біз қазір «шыңжыраны» білеміз бе? «Ырғақ» пен «жұлдызқұрт» өрнектелген дүние кімнің үйінде бар? «Аманат» деген қандай ою? Күні кеше қала әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Ұмыт болған оюлар» құрақшылар әлемі фестивалі осы сауалдарға жауап берді. Аты айтып тұрғандай, төл өнерімізді дамытып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шараға аймақтың әр ауданынан, ауылынан отызға жуық ісмер келді. Әр қатысушы өз қолдарымен құраған қазақы бұйымдарын таныстырды. Бірі ою-өрнекті қол, жол сөмкеге салса, енді бірі көрпешеге басқан. Ағаштан түйін түйген шеберлер сандықты оюмен көмкерсе, тігіншілер түрлі этно үлгідегі киімдері мен бұйымдарын паш етті. Ең қуаныштысы, тәлімі мол байқауды көруге жиналған жұрттың қарасы қалың. – Байқаудан көздің жауын алар небір әдемі бұйымдарды тамашалап, оны сатып алып ерекше әсерде тұрмыз. Қазір адамдар қызылды-жасылды дүниеден шаршай бастаған уақыт қой. Сәт санап дамитын технологиялық прогресс біздің бұрынғымызға деген сағынышымызды арттырып отырғандай көрінеді. Меніңше, қазір бізді қырғыз, қытай, өзбек, түрік, италияның нарығы онша қызықтырмайды. Керісінше, осындай бір ғана ұлттық нақыштағы белгісі бар дүние көрсек, аңтарылып қаламыз. Жолымызда жолықса алғымыз келіп тұрады. Кигіміз келіп тұрады. Демек, біздің оюларымыздың ұмыт болуына, ұмытылуына ешқандай негіз жоқ. Олар қашанда құнды. Қашанда бағалы. Осындай шараны тек наурыз қарсаңында ғана емес, ай сайын ұйымдастырып тұрса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді қала тұрғыны Нұрсезім Байғазиева. Фестивальдің марапаттау рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, қолөнершілердің жұмыстарын көріп, оң бағалады. – Қазіргі жаһандану дәуірінде біздің қазақы ою-өрнегіміздің біршама түрі ұмытылып барады. Бұл өте өкінішті. Себебі, бүгінгі өскелең ұрпақ қазақтың осы баға жетпес құндылығының маңызын түсініп, санасына тоқуы қажет. Фестивальге қатысушылар ұмыт болған ұлттық құндылығымызды ұлықтап, келешек буынның санасына сәуле ұялатады деген сенімдемін. Жалпы, бұл шара мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық ою-өрнектерімізді, мына алмағайып заманда аман сақтап, жастарымыздың бойына ұялатуға бағытталып отыр. Қолөнер – баға жетпес, өшпес мұра. Оны қорғай да, қолдай да білуіміз керек. Сондықтан, фестивальге бүгінгідей ерекше дүниенің өтуіне атсалысқан барша аналарға алғысымды білдіремін, – деген шаһар басшысы сайысқа қатысып, жүлдегер атанған бірқатар қолөнер шеберлерін құттықтады. Атап айтқанда, жүлделі ІІІ орынмен көпбалалы аналар Елеукүл Пошаева, Райхан Жақаева және Айнұр Бастаубаева марапатталса, ІІ орынды Шолпан Сұрамбаева мен Нұрила Дәлибекова иеленді. Ал, І орын Бекзат Үсенге бұйырып, бас жүлдені ерекше баланы тәрбиелеуші тараздық Айгүл Қоңырбаева қанжығасына байлады. Жылда осы фестивальді ұйымдастыруға ерекше атсалысатын «Шапағат» медалінің иегері, кәсіпкер Анар Бексұлтанова іс-шараға қатысушы қолөнер шеберлеріне алғысын білдіріп, бірқатар шеберлерге ынталандыру сыйлығын тапсырды. – Қолөнер менің сүйікті ісім, қазіргі кәсібім деуге болады. Бала кезімнен көрпе тігемін. Осы бағыттағы түрлі байқауларға қатысып, бірнеше тігін машинасын жеңіп алғанмын. Биыл міне, «Ұмыт болған оюлар» байқауында да бағымды сынап көрдім. Ағаштың бетіне ою салу бөлек, ағаштың өзінен ою ою басқа, ерекше дүние. Біз бүгін осыны әкелдік. Мұндай іс- шаралардың ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор деп есептеймін. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген қанатты сөз бар ғой. Мен де бақытымды осы ұлттық құндылықтарымызды құнттап, оны паш етіп, бұл жолда жұмысымның барысын үлкен ізденіске толтырып, дәл осындай кәсіптен нәсібімді тауып жүргеніме ризамын. Біз сандықтың, қыз жасауының түрлерін ғана жасап қоймаймыз. Заманауи жиһаздар мен перделер, дизайнерлік ұлттық киімдер тігеміз. Бір ғана әттеген-айы, матаны шетелден аламыз. Тігіншілік кәсібі бізде ерекше қарқында дамыды деп айта аламыз, бірақ мата сырттан қымбатқа келіп жатқан соң, оған еңбек құны қосылып, сәл қалтаға салмақ салатын жағдайы бар. Сонда да жоқтан бар жасап, осылай жарқыратып, әдемі киімдерді тігіп, көптің көңілінен шығып жүрген тігіншілерге, ісмерлерге, қолөнершілерге ризамын, – дейді жүлдегер Бекзат Үсенқызы. Байқаудың соңы мерекелік концертке ұласты.
Гүлжан ОРАЛБАЙҚЫЗЫ. aqjolgazet.kz