ЖУАЛЫДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

Шақпақатада көктем мезгілінің басты мерекесі –Наурыз тойы аталып өтті.

Наурыз мерекесі – күн мен түннің теңелуін, табиғаттың жаңаруын, сондай-ақ халықтар достығын бейнелейді. Барлық ел үшін маңызды көктем мейрамы Шақпақата ауылында да дәстүрлі іс-шараларының бірі болып табылады. Бұл жолғы наурыз жаңадан ашылған ауылға кіре берісте орын алған «Нан кептіру» цехында болды. Жұртшылық өнерпаздардың халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына қатысты қойған көріністерін тамашалады. Киіз үй тігіліп, наурыз көже және ас таратылды. Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов және Техника ғылымдарының докторы, профессор Исан Тілегенов, ардагер ұстаз, спорт жанашыры Маханбет Сарымсақов мерекенің ақ дастарханына бата беріп, тілек айтып жиналғандарды мерекемен құттықтады. Бұл күні Шақпақатада қазақша күрес, гір көтеру, қол күрес түрлерінен спорттық шара өтті. Әсіресе, жастар белсене қатысты. Жеңімпаздарға ауыл кәсіпкерлері және шаруашылық саласының кәсіпкерлері демеушілік көрсетті.

«Қош келдің, әз-Наурыз!»
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы ауданымызда Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы саябағында кең көлемде аталып өтті. Мереке қайырымдылық шарамен басталды. Аудан әкімі мен аппарат қызметкерлерінің демеушілігімен бір жылқы малы сойылды. Бір қап (50 кг) ұн, бір қап (25 кг) шекер, сұйық (5 литр) май және 15 кг еттен аудан орталығы мен ауылдық округтерден жалпы 24 аз қамтылған отбасына таратылды. Алдымен аудан әкімі Жалғас Мұртаза мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау сауап іс екенін және адами парызымыз екенін айта келіп, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңе сінің төрағасы Кемелбек Дәуренов бата беріп, ауылдық округтердің аппарат қызметкерлері азық-түліктерді көліктеріне тиеп, таратуға жолға шықты.
Б.Момышұлы саябағындағы мерекелік шараны тамашалауға келген халық көп болды. Саябақ іші алаң-алаңға бөлініп, әр алаңда бір мезетте бірнеше шара орын алды. Кіреберісте «Жасөспірімдер» алаңында балалар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, т.б ойындар ойнап жатты. Әрі қарай шығармашылық орталықтарының мұғалімдері мен шәкірттерінің қолдан жасаған қолөнер және сурет көрмесі жабдықталған. Бір қатарға әзербайжан, өзбек, славян этномәдени орталықтарының көрмесі қойылған. Онда бірлестік төрайымдары аудан әкімі мен тұрғындарды өздерінің ұлттық тағамдары мен қолөнерлерімен таныстырды. Төрде аудандық Өлкетану музейіндегі тарихи-мәдени жәдігерлерінің көрмесі орналасқан.
Ал, Балалар мен жеткіншектер ойын алаңында робототехникадан көрме, қазақ ертегілерінен фотоаймақ ұйымдастырылып жатты. «Сауық» алаңында «Bauyrsak party» ұйымдасытырылған. Онда қазанда бауырсақ пісіріліп, қонақтарға ыстықтай таратылып жатты.Сонымен бірге жастар Алтыбақанда тербеліп, ән айтты. «Ұлттық тағамдар» және «Киіз үйлер» алаңында халық ұлттық тағамдардан дәм татты. Ең негізгісі сахнада мерекеге арналған театрландырылған көрініс және концерттік бағдарлама өтті. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, би билеп, көрініс қойып, халықтың көңілінен шықты. Сахнаға аудан әкімі көтеріліп, халықты әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.»Жа йдарман» ойыншылары өз ойындарын ұсынса, әйел-аналар тұсау кесу рәсімін жасады. Спорттық ойындардың ең қызығы әйел күрес пен қошқар көтеру, арқан тартыс шараның соңына қарай болды.

Жуалы ауданы әкімдігі