Мемлекеттік рәміздерге байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін мызғымас негіздерінің бірі. Сондықтан, рәміздерді қастерлеу – баршаның ортақ парызы.
Осы мақсатта, ағымдағы жылдың 9-17 наурызы аралығында Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай және Шу аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мамандары мемлекеттік ұйымдар мен құқық қорғау органдарында бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру, ҚР Мемлекеттік рәміздерін дұрыс пайдалану және қолдану бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсетті.
Түсіндіру жұмыстары барысында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңы, «ҚР Қылмыстық Кодексінің» 372-бабына енгізілген өзгерістер, сондай-ақ, латын графикасындағы Елтаңбаға көшу жұмыстары айтылып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Аталған бағыттағы жұмыстармен облыс бойынша 150-ден астам мекеме қамтылды.
Айта кетерлігі, облыста Мемлекеттік Рәміздердің жай- күйі тұрақты бақылауда. 2004 жылдан бастап облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
Есепті кезеңде облыстық, қалалық, аудандық комиссия мүшелерінің қатысуымен 100-ге тарта комиссия отырысы өткізіліп, 200-ге тарта ақпараттық-түсіндіру семинары өтті.
Сондай-ақ, латын графикасындағы Елтаңбаға көшу жұмыстары барысында облыс бойынша 5 мыңнан астам кабинеттегі, ғимараттар мен маңдайшалардағы, мемлекеттік органдардың ресми веб-сайттары, ресми басылымдар және бланкілер, ақпараттық стендтер және тағы басқа да арнайы орындарда Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі ауыстырылды.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан ҚР Мемлекеттік Рәміздеріне деген құрмет сезімдерін қалыптастыру, насихаттау, дұрыс қолдану және пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылады. Жергілікті ішкі саясат бөлімдері тарапынан жылына 2 рет әдістемелік семинарлар өткізілуде.
«Мемлекеттік Рәміздер – мақтанышымыз!», «Мемлекеттік Рәміздер – ел мәртебесі» тақырыптарында білім беру ұйымдарында Мемлекеттік Рәміздер туралы ашық және тәрбие сағаттары, мәдениет мекемелерінде көрмелер тұрақты өткізіледі.
Аталған шаралардың барлығы патриотизм мен отансүйгіштікті нығайтып қана қоймай, жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететіні даусыз.
Шынар ҚАШҚЫНБЕК,
Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының бас маманы.