Адамды өнер арқылы сауықтыру: Арт-терапияның түрлері қандай?
Психолог Жібек Абжанова терапияның бұл түрі ересектерге де өте тиімді екенін айтады.
Арт-терапия сөзінің «art» бөлігі латын тілінен аударғанда «өнер», ал «therapeia» бөлігі грек тілінде «емдеу» деген мағынаны білдіреді. Ол – бүгінде психологтар мен психотерапевтер қолданатын ең жұмсақ әрі әсері мол тәсілдердің бірі. Арт-терапия кезінде адам өз бейсанасынан «хат алады». Ең бастысы, оны кез келген адам маманның көмегінсіз өз бетінше қолданып, бойындағы жағымсыз сезімдерді сублимация жасай алады. Осы орайда, психолог Жібек Абжанова арт-терапияның қандай түрлері барын, оның пайдасы және балалардың суреті арқылы олардың ішкі-жай күйі туралы қалай ақпарат алуға болатынын түсіндірді.
Жібек Абжанованың айтуынша, арт-терапия тәсілдері көп жағдайда психотерапиялық бағыттармен қатар қолданылады. Мұндай комбинация клиенттің толықтай ашылып, жан жарасын жазуына мүмкіндік береді.
«Арт-терапияның қарапайым сурет салу, киім тігу немесе музыка тыңдаудан айырмашылығы көп. Өйткені оның мақсаты әдеттегідей өнер объектісін жасау емес, бар болғаны адамның ішкі менімен жұмыс істеу. Осыны ескере отырып тәсіл нәтижеге емес, процеске көбірек негізделеді. Сондықтан арт-терапияға бару үшін керемет сурет салып білудің қажеті жоқ», – деді Жібек Абжанова.
Арт-терапия қалай жұмыс істейді?
Бастапқыда Зигмунд Фрейд пен Карл Густав Юнг адамның ешкімге айта алмаған сыры және эмоциясын сыртқа шығаруға көмектесетін терапия жасауға тырысты. Уақыт өте келе науқастармен жұмыс істеген суретші Адриан Хилл туберкулезбен ауыратын жандардың денсаулығы арт-терапиядан кейін жақсара бастағанын байқаған. «Арт-терапия» түсінігі осы кезде енгізілді.
«Көптеген адам мен жасы кіші балалар өзінің не сезініп тұрғанын түсінбейді және оны сөзбен сыртқа шығара алмайды. Осының себебінен айналасындағылармен қарым-қатынас құруы қиындайды. Өз-өзіне қалай тыйым салатынын, бейсанасында қандай бағдарлама барын, жан жарасын шығармашылық процесс кезінде анықтау, онымен жұмыс істеу оңайырақ. Яғни адам өзі туралы сөзбен айтпайды – тек «метафория» түрінде көрсетеді: түс, дыбыс, қозғалыс және т.б. арқылы. Кейін маманмен «өнер туындысының» астарында не жатқанын анықтап, оны емдеп жазуға тырысады», – деді психолог.
Арт-терапия келесілерге көмектеседі:
адамның өзіне берер бағасын көтеруге;
күйзеліс деңгейін төмендетуге немесе созылмалы күйзелістен айығуға;
депрессия, мазасыздық сезімінен арылуға;
отбасы ішіндегі, бала мен ата-ана арасындағы кикілжіңді шешуге көмектеседі;
әңгімелесу, тіл табысу дағдыларын жақсартады;
адам өзін, шын қалауын, қажеттіліктері мен мақсатын жақсырақ түсінеді.
Арт-терапияның қандай түрлері бар?
Шығармашылық өнер түрі қанша болса, арт-терапияның да түрі сондай көп. Біз арасында кеңінен танылған түрлері туралы сөз қозғаймыз.
Изотерапия
Арт терапияның ең танымал түрі – сурет салу арқылы жүзеге асатын терапия. Мұны әркім өмірінде бір рет болсын жасап көргендіктен, ол кеңінен танымал. Мұнда адамның түспен қалай жұмыс істейтіні, қандай құрал қолданатыны, фактурасы мен композициясы – барлығы маңызды. Кейде психолог өзі суреттің тақырыбын береді немесе керісінше клиент өзі қалағанын салады.
«Изотерапия өзінің жеке кеңістігін қорғай алмайтын балаларға жақсы әсер етеді. Мысалы, кейде баланы үлкен ақ қағаздың үстіне жатқызып, өзінің денесін айналдырып сызып шығуды сұраймыз. Кейін дененің суретінің іші мен сыртына қалағанын салуды сұраймыз. Бұл баланың жан-дүниесінде не болып жатқанын және оның әлемге деген қарым-қатынасының қандай екенін көрсетеді. Мұнымен қатар, түрлі-түсті бояумен жұмыс сенсомоторлық дағдыларды дамытады. Ал ересек адамдар изотерапияның арқасында ұялшақтықтан, «шығармашылыққа қабілетің жоқ» деген иллюзиядан арыла алады», – деді Жібек Абжанова.
Құммен терапия жүргізу
Құмды терапия кезінде бірінші болып Карл Густав Юнг қолданды. Ол құмнан жасалған әртүрлі образ арқылы клиенттің бейсанасымен тілдесіп, тереңде жатқан, бір кездері бастан кешірген сезімін «шығару» үшін қолданды.
«Ересек адам болсын, бала болсын құмнан әртүрлі форма жасайды, оны бұзады, қайта тұрғызады – осылайша ішінде болып жатқан процестен хабар береді. Шығармашылықтың бұл түрі де бұлшық еттердің босаңсып, адамның ашыла түсуіне әсер етеді», – деді маман.
Музыка терапиясы
Терапиялық сеанс кезінде адам музыкалық шығармаларды тыңдап, ішіндегі эмоциясын, қандай оқиғалардың еске түскенін әңгімелейді. Кейін өзі де әуен шығаруы ғажап емес. Мұнымен қатар, музыка керісінше адамның көңіл-күйін өзгерте алады.
Драма терапия
Импровизация мен әртүрлі рөлді өзіне таңып көру арқылы адам өзгелермен қарым-қатынасын жақсартады және кешірімді болуды үйренеді. Эмпатия таныту қабілеті дамып, өз тәнін жақсырақ сезінеді. Кейінгісі өз кезегінде психосоматикалық аурулардан айығуға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Балаға ақша жинау мен жұмсауды қалай үйреткен дұрыс? Психолог кеңесі
Қуыршақ терапиясы
Бұл ертегі мен драма терапияның қосындысы. Балаларға есінде қалған қорқынышты, қайғылы оқиғаларды қайта еске түсіріп, емдеп-жазуға мүмкіндік береді.
«Арт-терапия балаларға да, ересектерге де барынша ыңғайлы. Барлық түрінде ойын элементі бар, экспрессивті және көп сөзді қажет етпейтіндіктен, аутист балаларға да қолдануға болады», – деді маман.
Өнер сеансы не береді?
«Балалар мен ересектерге берілген «тапсырма» орындалған соң қосымша сұрақтар қойылады, бірге жауап табуға тырысамыз. Көп жағдайда үлкендерге нақты болжамдар (интерпретация – ред. түсіндірмесі) айтылады. Егер ешқандай мамансыз балаңызды алаңдатқан дүние бар-жоғын білгіңіз келсе, төмендегі кішігірім нұсқаулыққа назар аударыңыз. Ең алдымен, қағаз, қарындаш және түрлі-түсті бояу қажет», – деді Жібек Абжанова.
А.Л. Венгер зерттеуі бойынша суреттегі:
қара қоңыр, сұр және қара түстер – депрессияның белгісі;
қызыл түс – қатты мазасызданып тұрғанын, көңіл-күйін алаңдатқан бірнәрсенің барын білдіреді;
егер үнемі қызыл түсті киім киіп, заттар ұстаса – невроз, адамдармен ортақ түсіністікке келе алмаудың белгісі;
қараға жақын түстер мен қызылдың көп болуы – мазасыздық пен депрессия;
қара көк, күлгін – көңіл-күйдің жабырқауы, асқан сезімталдық;
нәзік түстер (пастельные тона – ред. түсіндірмесі) – бұл да адамның қатты мазасызданып тұрғанын және өмірде барлығын өзіне тым жақын қабылдайтынын білдіреді;
көп түсті қолданбауы – шаршағандықтың белгісі;
кімді, нені қандай түспен салатыны, бұған дейін қалай бояғаны – адамға деген қарым-қатынасының өзгергенін көрсетеді.
Оқи отырыңыз: «Ең жақын адам». Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?
Түстерден бөлек, балалардың қарындашты қалай ұстайтыны да маңызды:
қарындашты тым қатты басу – ашушаңдық;
қарындашты жай басып салса – сенімсіздік, әлсіздік;
бірде басып, кей жерлерін сызбай кетсе – психикалық тұрақсыздық;
алдымен суреттің сұлбасын қарындашты әлсіз басып салып, кейін үстінен бастыру – жағымсыз эмоциясын бақылауда ұстауға тырысуы.
Сурет көлемі:
адам немесе жануардың тым үлкен болуы – ішкі конфликт, гипербелсенділік;
керісінше тым кішкентай болуы – өзіне берер бағасының төмендігі.
«Бұлардан өзге баланың суретті қандай ықыласпен салатыны да маңызды. Бірі бірден қолына қарындаш алып, іске кірісіп кетуі мүмкін. Енді екіншілері керісінше асықпайды, қинап отырғызып қойғандай салады. Бұл да өз кезегінде жүйке жүйесінің шаршағандығын білдіреді. Сурет немесе арт-терапия үнемі жағымсыз эмоцияға «жан бітіреді» деп түсіну қажет емес. Сондай-ақ, ол керісінше бойда бұғып жатқан талантты ары қарай ашуға көмектеседі», – деді Жібек Абжанова.
informburo.kz