Елді мекендер үш жылда жүз пайыз ауыз сумен қамтылуы тиіс
Мемлекет басшысы 2021 жылғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «…Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, «Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы» аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деп атап көрсетті.
Президент жүктеген аса маңызды міндет облыста қалай орындалуда? Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 49 нысанның құрылысына 19,8 миллиард теңге бөлінген.
Оның 13- інің құрылысы былтыр аяқталып, 22,6 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып, 92 пайызды құраған.
– Сапалы ауыз сумен қамтылған тұрғындар санына тоқталар болсам, қалаларда 425,3 мың адам, бұл 92,3 пайызды құрайды. Мәселен, Тараз қаласында – 345,8 мың адам, 94 пайыз, Қаратауда – 30 және Жаңатаста – 23 мың адам, екі қала тұрғындары 100 пайыз сапалы ауыз су тұтынады. Ал, Шу қаласында 25,4 мың адам немесе тұрғындардың 67 пайызы қамтылған. Ауылдық елді мекендерге келер болсақ, сапалы ауыз сумен қамтылған халық саны – 635 мың адам, 92 пайыз. Аудандарға жеке-жеке тоқталар болсақ, Байзақ – 104,6 (92), Жамбыл – 70,6 (82,8), Жуалы – 47,1 (88,8), Қордай – 135,2 (92,3), Меркі – 82,3 (96,2), Мойынқұм – 28,8 (90,2), Т.Рысқұлов – 62,4 (95,5), Сарысу – 20,6 (97,2) Талас – 22 (91,5) және Шу ауданы – 60,9 мың адам немесе 92,8 пайыз.
Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 36 өтпелі және 7 жаңа, барлығы 43 сумен жабдықтау нысанының құрылысына 11 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде 36 жобаның барлығын жыл соңына аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші қалаларда 448,7 мың адам немесе 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде 665,9 мың адам, 96,5 пайызға жеткізу жоспарлануда, – дейді басқарма басшысының орынбасары Ермек Карентаев.
Биыл Байзақта–Аққия, Сарыбарақ, Ботамойнақ, Қусақ, Жеңіс, Жібек жолы, Төрегелді, Тегістік-2, Ақтөбе, Жамбылда – Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер, Жуалыда – Бәйтерек, Кәріқорған, Тасбастау, Қордайда – Қарасу, Қайнар, Меркіде – Қайындысай, Құмарық, Мойынқұмда – Ақсүйек, Көкжелек, Сарысуда – Үшбас, Шағалалы және Шу ауданында Көкқайнар, Еңбекші, барлығы 25 елді мекенге ауыз су құбыры тартылып, ауылдықтар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін көрінеді.
Қолдағы мәліметке қайта-қайта қарап, Т.Рысқұлов және Талас ауданынан бірде-бір елді мекенді көре алмадық. Әсіресе, Таластың Үшарал ауылындағы бірқатар өзекті мәселелермен қатар, ауыз судың да жырын «Aq jol» газетінің былтырғы 20 желтоқсан күнгі нөмірінде жазғанбыз. Сөйтсек, жалпы құны 5,4 миллиард теңгені құрайтын 5 елді мекен мен 2 тұрғынжай алқабына, 7 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Аталған жобалар биыл республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылады екен.
Талас ауданының Үшарал ауылындағы ауыз су жүйесін жаңғырту, Мойынқұм ауданы, Ақбақай поселкесінен ауыз су құрылысын жүргізу, Қордай ауданы, Еңбек, Отар, Күнбатыс-2, «Цемзауыт» елді мекендері мен аудан орталығындағы тұрғынжай алқабы және Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы «Арай» тұрғынжай алқабы бар.
2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қалыптастырылуына жалпы құны 5,1 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба ұсынылса, оның ішінде Шу – Еңбек, Жиенбет, Тасөткел, Жайсаң, Т.Рысқұлов – Шөңгер, Мамай, Сөгеті, Жамбыл – Жаңаөткел, Ерназар елді мекендері мен Талас ауданынан «Флора» саяжайы бар. Бұдан басқа 23 елді мекен жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуі қажет етеді. Мұның ішінде Байзақ – Шахан, Жамбыл – Бектөбе, Қызылшарық, Жұма, Жуалы – Ақтөбе, Түктібай, Меркі – Кеңес, Т.Рысқұлов – Р.Сәбденов, Талас – Қожағаппар, Қарой, Тұрымқұл, Сейілбек және Шу ауданында Бөлтірік елді мекендерінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде екен.
Жамбыл – Кемел, Жуалы – Қызтоған, Қордай – Алға, Көкадыр, Мұзбел, Бәйтерек, Соғанды, Шарбақты, Меркі – Шалдабар және Мойынқұм ауданындағы Қашқантеңіз елді мекендерінің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстарына аудан әкімдері тарапынан қаржы қарастырылып, тез арада бастау қажет. Былтыр 5 елді мекенге суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылған. Қалған 26 ауылдық елді мекенге 2023-2025 жылдары орнату көзделген. Облыс елді мекендерін 2025 жылға дейін 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтудың жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатса керек.
Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырма аса өзекті. Ол белгіленген мерзімде сөзсіз орындалуы тиіс. Өйткені, сапалы ауыз су – бірінші адам денсаулығы үшін керек. Халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде құжатын реттеуде арқаны кеңге салып жүрген аудан әкімдерінен қатаң сұралатын болады. Сосын тапсырыс беруші тарапынан мердігер мекемеден жаңа нысанды болсын, қайта жаңғыртылғанын болсын, қабылдап аларда қырағылық, қатаң талап болуы шарт. Адам денсаулығы мен өмірінен артық ешнәрсе жоқ.
Амангелді ӘБІЛ, aqjolgazet.kz