Инновацияға негізделген еңбек нәтижелі болады
Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасында «Көктемгі дала жұмыстарына дайындық: ғылыми-зерттеу институттарымен әріптестік мәселелері» атты семинар өтті. Өңірімізде тұқым шаруашылығын дамыту, отандық тұқымдарды тәжірибеден өткізу, агрохимиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған тәжірибелік семинарға бірқатар ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, тұқым өсіруші серіктестік басшылары мен шаруа қожалық төрағалары қатысты.
Бүгінде облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Соңғы жылдары ауылшаруашылық саласын әртараптандыру аясында астық дақылдарының егістік алқаптары қысқарып, майлы дақылдар мен көкөністердің және қант қызылшасы алқаптарының көлемі артып келеді.
Семинар барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек: «Азық-түлік өндірісі өңірімізді дамытудың басты факторына айналып келеді. Сондықтан ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді екі есеге арттыру қажет. Бұл ретте ауылшаруашылық жаңа технологиялардың көмегінсіз дами алмайды. Ғылымның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана салада алға жылжу болады», деп атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарма төрағасының инновация жөніндегі орынбасары Ғалиолла Мейірман «Жамбыл облысында тұқым шаруашылығын дамыту» тақырыбында баяндама жасады. Бұдан кейін «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Теміржан Айтбаевтың «Жамбыл облысының шаруа қожалықтарына арналған картоп, көкөніс-бақша және жеміс-жидек дақылдарының сорттары», «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС топырақ мелиорациясы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Пошановтың «Агрохимиялық картограмма дайындау – топырақ құнарын сақтау мен өнімділікті арттырудың басты құралы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Жиында жаңа инновацияға негізделген еңбектің нәтижесі жоғары болатынын тілге тиек етілді.
Нұржан ӘЛІШ, журналист.arainfo.kz