Ләззат Күнгейбаева әлем чемпионатының жүлдегері атанды
Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты аяқталды.
Рингке ең соңғы жұп болып аса ауыр салмақта қазақстандық Ләззат Күнгейбаева мен марокколық Марди Хадиджа шықты.
Ләззат 2016 жылы Астанада өткен әлем біріншілігінде чемпион атанса, қарсыласы да – кейін дүниежүзілік додада күміс пен қола алған тәжірибелі спортшы.
Алғашқы екі раундта төрешілер марокколық боксшы басым деп тапты. Үшінші кезеңде де ештеңе өзгерген жоқ. Есеп – 4:1, жеңіс М.Хадиджаның еншісінде кетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын 2 күміс, 4 қола медальмен қорытындылады.
Бұған дейін Карина Ибрагимова күміс алса, Алуа Балқыбекова, Надежда Рябец, Валентина Хальзова және Фариза Шолтай қола жүлдегер атанды.
turkystan.kz.