ЖАС КӘСІПКЕРМЕН ЕРКІН ПІКІР АЛМАСТЫ
Туған жерді түлету – азаматтық парыз. Өңірімізде халық сенімін ақтап жүрген кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі-ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген жас кәсіпкер – Серік Елемесұлы. Айтулы азаматпен Берікқара орта мектебінде «Еңбек еткен – мұратқа жеткен» тақырыбында кездесу кеші ұйымдастырылды.
Алдымен оқушылар жас кәсіпкердің қол жеткізген табыстарын слайд арқылы тамашалады. Бұдан кейін кездесуді мектеп директоры Ералы Төлеев ашып, елімізде кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Шағын кәсіптің ел дамуына қосатын үлесіне тоқталды. Серік Елемесұлының кәсіпкерлікпен айналысып, туған жеріне, елінің дамуына қосып отырған еңбегі турасында айтылды.
Мұнан кейін сөз алған Серік Елемесұлы кәсібін ашу жолында кездескен қиындықтарынан сыр шертіп, табыс құпиясымен, тәжірибесімен бөлісті. Жас кәсіпкер оқушылардың сауалдарына жауап бере отырып, табыстың сыры — еңбекқорлық, іздемпаздық, өмір бойы білім алу, өзін-өзі жетілдіру екендігін айтты.
-«Кәсіпкер болу керек» деп айта бергеннен кәсіпкер шықпайды. Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек. Уақыт өте келе бір саланы таңдауға тура келеді. Білімге, жаңашылдыққа ізденіс болумен қатар, өз-өзіңді дамытудан шаршамау керек. Кәсіпкер бір саланы өмір бойы алып жүрмеуі де мүмкін. Нарыққа қарай бейімделіп, жаңа жобаларға көңіл бөліп, соңғы технологияны да пайдаланған абзал,-деді Серік Елемесұлы.
Еркін форматта өткен кездесу соңында мектеп директоры Ералы Төлеев жастар үшін маңызы зор мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын айтты. Жас кәсіпкердің жұмысына табыс тілеп, естелік сыйлықты табыс етті.
Самал Болатова,
директордың бағдарлы оқыту
ісі жөніндегі орынбасары.
Азиза Сейсебаева,
Алуа Абылханова,
кәсіптік бағдар беруші педагогтар.
Аймантөбе ауылы.