Жеңіспен оралды
Биылғы жылдың 24-28 ақпаны аралығында Қызылорда облысының Арал қаласында волейболдан спорт ардагері Асхат Ахановты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен айтулы додаға біздің ауданымыздың ұлдар және қыздар командасы қатысты.
Республикамыздың ең мықты деген 24 командасы қатысқан жарыс аса тартысты өтті. Онда аудан намысын қорғаған қыздар командасы жүлделі орыннан көріне алмады. Ал керісінше № 8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Рауан Мұрат пен Бақтияр Сәрсенғалиұлы дайындаған ауданның ұлдар командасы бірнеше қарсыластарын жеңіп, тек соңғы шешуші сәтте ғана Ақтөбе қаласының «Ақтөбе-Алихан» командасымен кездесуде жеңісті қолдан сусытып алды. Сөйтіп, олар жүлделі екінші орынды иеленіп, арнайы кубок, медаль, ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Командадағы Данияр Ерболұлы, Нұралы Нурұлла, Бекзат Қастай, Абай Асықбек тәрізді ойыншылар команданың жүлделі орыннан көрінуіне көп үлес қосты. Республикалық жарыста екінші орынды иелену үлкен жетістік. Ендеше өз жас спортшыларымызға алдағы уақытта да спорттық жарыстарда жоғары биіктен көрініп, аудан абыройын асқақтата берулеріне тілектеспіз.
Мұхтар Манекеев.