Таразда міндетін орындамаған мердігер ескерту алды
«Жол – тіршіліктің күретамыры» дейді халық даналығы. Сондықтан шаһарда тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу үшін айрықша назар аударылуда. Айталық, ағымдағы жылдың 9 наурызында мердігер «Нұрлы Жол-7» ЖШС мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арасында «Тараз қаласы көшелерін ағымды жөндеу» нысаны бойынша 164 миллион теңгеге келісімшарт жасалып (мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы), соған сәйкес 15 наурыздан жол жөндеу жұмыстары басталған.
Өндірістік кестеге сәйкес, жөндеу жұмыстарының мерзімі – 3 ай, жұмыс көлемі – 29 904,0 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде наурыз айына – 5 000, сәуір айына – 10 000, мамыр айына – 10 000, маусым айына 4 904 шаршы метр белгіленген.
Бұл жұмыстарды қала әкімі Бақытжан Орынбеков те қатаң бақылауға алып, ерекше екпін түсіруде. Алайда, соған қарамастан, мердігерлердің өз міндеттерін дұрыс атқармай отырғаны анықталып отыр. Мәселен, тапсырыс беруші мамандармен зерделеу барысында Ниетқалиев көшесінде жол бөлігін фрезалау жұмыстары технологияға сәйкес жүргізілмегендігі анықталып, кейін тапсырыс берушінің ескертуінен соң фрезалау жұмыстары 5 сантиметр тереңдікте жүргізілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 24 наурызы күні Тараз қаласы полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы бөлімшесінің қызметкерлерімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендігі үшін ҚР ӘҚБтК сәйкес, мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда мердігер тарапынан Рысбек батыр көшесінде асфальт салу жұмыстары технологияға сәйкес жүргізілмеуде. Яғни ыстық асфальт катокпен тегістелгеннен кейін оның деңгейі төмен түсіп, айналасына жайылған. Одан бөлек, асфальт жабындысы шамамен 6-7 сағат тұрып қалғандықтан, суыған асфальт жабындысы төселген. Жалпы технологияға сәйкес, ағымды жөндеу жұмыстарына салынатын асфальт жабындысының температурасы 110 градустан төмен болмауы қажет. Аталған ескертулер тапсырыс беруші тарапынан мердігерге бірнеше рет беріліп, хабарламалар жолданғанымен, кемшіліктер жойылмауда. Рысбек батыр көшесіндегі анықталған кемшіліктер мердігер тарапынан толығымен қалпына келтірілгенге дейін бұл жұмыстар қабылданбайтын болады.