Уақыт- көп нәрсеге төреші..!
Әйгілі спортшы, бүгінгі депутат Ардак Назаров бауырыммен өмірде терең араласып көрмедім. Жеке қалып сырласпадық, жиі бас қосудың да сәті түспеді.
Бірақ, ел алдында жүргесін соңғы ширек ғасырда бірнеше рет ұзақ жолда сапарлас боп, әлденеше орталарда дастархандас болғанымыз бар…
Сол кезде аңғарып, ісі мен сөзін таразылап, іштей біраз ой түйдім. Бүгін айтудың реті келіп тұр. “Ардақтың мінезі менен көркем, қарапайымдылығы мен ізеті менен артық екен, ғибрат алу керек” деп бағалағаным есімде…
Жәй, ойыма оралып жатқан соң бөлісіп қояйын. Әлем желідегі жұрт әдепсіз адамды сайлап алғандай, апарып тастап жатқасын, ағалық пікірімді айтуды жөн көрдім…
Журналист деген қазіргі заманда аң патшасы арыстан сияқты айбынды қауым ғой. Өзің толқып жүргенде алдыңнан арыстан түгілі сауысқан шықса да сасып қаласың. Батыр аңғал…Абыржыған шығар, алдаусыратып жауап беруге ары жібермеген шығар… Білмейміз.
Ішіне кіріп шыққанымыз жоқ. Әлі Алла қаласа бес жыл бар ғой, сұрап алармыз. Бір жаққа қашып бара жатқан жоқ, сонша қуалайтындай. Тіке жауап айтпаса да тілек айтып кетті ғой. Оған да шүкір!
Әкіреңдеген, түкірген, шешемізді сыбап шерменде болғандар да кең қазақтың кешірімінің аясында жүр ғой…
Кейде ойлаймын, бізге біреудің жауабынан гөрі асып-сасқаны, шатасқаны, сүрінгені керек сияқты…
Ортадан озған ұлдарды сүрінбесін деп тағалаудың орынына, сүмірейгенін көру үшін табалауға құмармыз…
Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін пақырды бізге кім әкеліп берсін?!
Қолдан адам жасай алмай, тұлғадан тұрақ таба алмай жатқан заманда, сәл сабыр қылайық, мүмкіндік берейік. Уақыт — көп нәрсеге төреші!
Ең үлкен батыр — нәпсісін жеңген жан ғой. Ардақ бауырым ол жағын ерте еңсерген. Жұдырығын жұмсартып, жүрегін бабалар парасатына жалғаған жігіт басқа нәрседен именеді, жауаптан жалтарады дегенге сенбеймін…
Үлкен майдан алда, қалаулылар қақпадан кірді, елдің назары Астанада, енді ақырын күтейік. Біраз жақсы уәделер айтылды ғой, бұйырса боп қалар…
Мұхамеджан Тазабектің ФБ парақшасынан