ІІМ-де батыл полицейлер марапатталды
ІІМ-де қызмет бабында ерлік танытып, борышын абыроймен атқарған полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Қарулы қылмыскерлерді ұстау кезіндегі жанқиярлығы және адам өмірін ажалдан арашалау барысындағы жеделдігі үшін ведомство басшысы Марат Ахметжанов әріптестеріне алғыс білдірді.
– Қазақстандық полиция тарихында біз мақтан тұтатын батырлықтың мысалдары көп. Соңғы жылдардың өзінде полицейлер 250-ден астам ерлік әрекеттер жасап, 400-ге жуық адамның өмірін сақтап қалды, – деді ішкі істер министрі.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Тұран ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі Арман Әріпжанов пен Жамбыл облысы полиция департаменті Сарысу ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі Бекен Қонысов ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен наградталды.
Бекен Қонысов 19 ақпан күні Жамбыл облысы Жаңатас қаласында қарулы қылмыскерлердің қылмыстық әрекетінің жолын кесу кезінде батылдық пен ерлік танытты.
Сондай-ақ бұл күні Тараз қаласында бес адамнан тұратын отбасыны газбен уланудан құтқарған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермеков марапатталды. Оған “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі табысталды.
Тәртіп сақшысымен бірге болған тараздық №22 орта мектеп директорының орынбасары Эльмира Еселбаева да марапатқа ие болды. Ұстазды Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы құттықтады. Айта кету керек, ажалдан аман қалған отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына бүгінде ешқандай қауіп жоқ. Үйлесімді және жедел іс-қимылдардың арқасында құтқарылған жанұяның отағасы өз алғысын білдірді.
arainfo.kz