Сапалы интернет шалғай ауылдарға да жететін күн жақын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі байланыс пен интернет сапасының нашар екенін айтып, сынға алғаны белгілі. «Тағы бір мәселе – интернет жылдамдығының төмендігі. Байланыс операторлары тарапынан тарифтік жоспарлар үнемі жаңартылып отырады. Ал интернет жылдамдығы мен сапасы ресми мәлімдемеден нашар. Үкіметке осы салада тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нақтылы параметрлердің мәлімделгендерден айтарлықтай алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын», — деді Президент.
Жалпы, бүгінгі таңда өңіріміздегі 367 ауылдық елді мекеннің 72 төмен жылдамдықты яғни, 2 және 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Ал 150 елді мекеннің тұрғындары жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетін пайдаланып отыр. Өкінішке қарай, облыстағы 5 ауылда мобильді байланыс жоқ. Атап айтқанда, Сарысу ауданына қарасты Арыстанды, Шығанақ, Жайлаукөл, Қамқалы және Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылдарында ұялы байланыс жоқтың қасы. Атап өтерлігі, ағымдағы жылы бұл ауылдарға «Кселл» мобильді интернеті орнатылады деп жоспарлану үстінде.
Жасыратыны жоқ, облыста әлі күнге дейін талшықты оптикалық байланыс желісіне қол жеткізе алмай отырған елді мекендер де бар. Олардың саны – 185-ті құрайды. Осылайша, аймақтағы 371 ауылдың тең жартысына жуығы ғаламтордың игілігін сезіне алмауда. Десе де, бұл салада алға жылжуда жоқ емес. Мәселен, өткен жылы «Кcell» АҚ 11 елді мекендегі байланыс қуатын 2G-ден 3G-ге ауыстырса, 16 ауылды 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ есепті кезеңде «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 52 ауылды «Beeline» мобильді байланысының жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамту жұмыстарын жүзеге асырды.
Биыл дәл осы серіктестік 40 елді мекенде жоғары жылдамдықты 4G мобильді байланысын қосуды көздеп отыр. Сәйкесінше, Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов пен Шу аудандарындағы көш ілгері болады деген сенім мол. Бұдан бөлек, «Кcell» АҚ ағымдағы жылы 23 елді мекенді 3G, 27 ауылды 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етпек. Айта кетейік, «Кcell» АҚ бүгінгі күнге дейін 2 елді мекенді 4G және және 3 ауылды 3G мобильді интернетіне қосты.
Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы