Маңғыстаулық Батыр аналар марапатталды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева аймақтағы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады.
— Бүгін біз көпбалалы аналарды ұлықтаймыз. Маңғыстау облысы республика бойынша туу көрсеткіші жөнінен көшбасшы аймаққа айналды. Бұл толықтай Сіздердің арқаңызда! Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 6472 «Алтын алқа» және 7411 «Күміс алқа» иегерлері тұрады. Ананың жанұядағы, тәрбие берудегі рөлі өте маңызды әрі көп еңбек етуді талап етеді. Алғашқы адамгершілік қасиеттерін – үлкендерді құрметтеу, ата-анаға және Отанға деген сүйіспеншілік секілді сезімдерін Ана ғана оята алады. Еңбектеріңіз үшін Сіздерге мың да бір алғыс айтамын, — деді Б.Нұрғазиева.
Аналардың ең жасы отыз екіде. Солардың бірі, 7 баланың анасы Гүлзәбира Төлеп. Мерейлі мерекеде құттықтап жатқандарына алғысым шексіз, дейді ол.
-Ең әдемі әйел ол — көп балалы ана. Жастарға айтарым көп балалы ана болыңыздар. Әйел бақыты ана болу, баланы дүниеге әкелу, ұрпағын өсіру.
Айта кетсек, биылғы жылы жеті және одан да көп бала тәрбиелеп өсірген маңғыстаулық 104 ана «Алтын алқа» құрметті белгісімен марапатталып, отбасында алты бала тәрбиелеп отырған 300 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталды.
Айман Оңғарбайқызы