Прокурорлар сайысқа түсті
Әулиеата жерінде саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде өңірімізде бұқаралық спорт кең өріс алып келеді. Мұны Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен прокуратура қызметкерлерінің арасындағы облыстық спартакиада барысында анық байқадық.
Шараның ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров тартысты додада әріптестеріне сәттілік тіледі.
Прокуратура қызметкерлері арасында ұжымдық қатынасты қалыптастыру әрі спорт ойындарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға облыстық және қалалық прокуратура қызметкерлерімен бірге Байзақ, Жуалы аудандарының да құқық қорғау қызметкерлері қатысты.
Спартакиада барысында 6 команда жасақталып, қатысушылар арқан тартыс, садақ ату, қол күрес, дартс және үстел теннисінен өзара кім мықтыны анықтады. Ал есеп қорытындысы олимпиадалық жүйеге негізделіп, әр кезең бойынша алған ұпайлар есептелді.
Жарыстың алғашқы кезеңінде арқан тарту ойынында Жамбыл мен Жуалы аудандарының намысын қорғаушы құрамасы үздік атанса, садақ ату сайысында Байзақ ауданының қызметкерлері мықтылық танытты.
Ал дартс, үстел теннисі, қол күресінен қалалық және облыстық прокуратура қызметкерлері өз мықтылықтарын дәлелдеді.
Командалық есеп бойынша қалалық прокуратура қызметкерлерінен құралған «Тараз қырандары» құрама чемпион атанса, екінші орынды Жамбыл және Жуалы аудандарының қызметкерлерінен құралған «Тұран» командасы еншіледі. Бұл сында байзақтық «Қыран» командасы үшінші орынды місе тұтты. Жалпы, сайыс соңында командалар арнайы грамоталармен марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
– Наурыз мерекесіне орай, өңірлік прокуратурасының қолдауымен ұйымдастырылған спартакиада тартысты өтті. Жарысқа 6 команда қатысып, спорттың бес түрі бойынша бақ сынасты. Атап өтерлігі, құқық қорғау қызметкерлері арасындағы бәсеке погондағылардың да спорттан құр алақан емес екенін дәлелдеді. Командалық есеп бойынша біздің құраманың көрсеткіші жаман емес. Құрама қызметкерлері жеңіс үшін барын салды, – дейді жарысқа қатысушы Сержан Әбдіқұлов.
Еске салайық, бұл шараның өтуіне қала әкімдігіне қарасты дене шынықтыру және спорт бөлімінің ықпалы зор. Прокурорлар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, мұндай шаралар жиі өткізілсе деген тілегін жеткізді.
Әйгерім БОРАНБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.