Жарапазан жыры
Қазір күллі мұсылман қауымы қасиетті Рамазан айының ішінде. Ұлы кітап Құран Кәрімде Алла разылығы үшін ораза ұстаудың артықшылықтары мен сауабы жөнінде де кеңінен айтылған. Дін өкілдері ораза ұстау тек күні бойы ашқұрсақ жүру ғана емес, барлық теріс әдеттен тыйылу екенін жеткізіп келеді. «Дін – мұсылман аманда» Рамазан айының құндылығы жоғалмайды. Қазақтың салт-дәстүріне негізделген рухани биіктігі бәсеңдемейді.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», деп хакім Абай айтқандай, жалпы, қазақтың болмысын, дүниетанымын қара өлеңсіз елестету қиын. «Бесік жырынан» бастап «Жоқтауға» дейінгі аралықты қамтитын тіршіліктегі толғаулар, салт-дәстүр негізіндегі өлең-жырлар – бәрі де халықтың рухани игілігі. Десек те, ежелден рухымызға тән кейбір қара өлең үлгілерін бүгінде ұмытып бара жатқандаймыз.
Мәселен, қазақ топырағында ертеден қасиетті Рамазан айында жарапазан айту дәстүрінің болғаны бәрімізге белгілі. Бірақ, сол бір өлең түрі буын алмасып, уақыт алға жылжыған сайын кенже қалуда. Ұлтымыздың ауыз әдебиетінде жарапазан жырларының бірнеше түрі сақталған. «Айтайын, айт дегенде жарапазан, бір келген он екі айда ораза иман», «Ассалаумағалейкум, мұсылмандар, мойынын хақ жолына ұсынғандар» деп басталатын сан түрі бар. Жарапазан ораза кезінде айтылатын өлең-жыр болғандықтан, бұл бір жағы мұсылманның бір-біріне деген тілек, дұға, батасы.
Әрдайым жақсылықты насихаттайтын, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп білген бабалар дүниетанымынан туған толғау. Өлең ішіндегі «Мінгені пайғамбардың жирен дейді, намазды он екіңде үйрен дейді», «Айтамыз жарапазан ауылыңа, бақ қонсын бар мұсылман қауымына» деген жақсылыққа шақыратын жолдар мен «Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе, қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе» деген баталар да қазақтың қасиетті мінезін көрсетеді. Жарапазан айту арқылы мұсылмандар бір-біріне жақсылық тілеп, бір-бірінің дәрежесін көтереді.
Алаш ардақтысы ұлы Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде «Жарапазан – Рамазан деген сөзден шыққан. Ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазан айтатындар екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады», деп жазады. Бұған қарап та жарапазан айтудың терең тәрбиелік мәні бар екенін бағамдауға болады.
Бала күнімізде жарапазанды ауылдың адамдарының жиі айтатынын көретінбіз. Ғажап әуенге салып айтылған жыр біздерге қызық көрініп, үлкендерден оның мәнісін сұрағанымызда, қариялар «Ораза – Құдайдың бұйрығы, Мұхаммедтің жолы, құлдың парызы» дейтін. Ауыл адамдарының сол ауылдағы абыройлы деген кісілердің үйінің тұсына барып, «Үйің, үйің үй екен, үйдің көркі ши екен» деп бастап, «Қандай байдың үйі екен», деп қостап, әлгі үй егесінің атын атап, оны мақтап, көршісіне, ауыл¬да¬сына, ағайынына деген ілтипатын осылай білдіретін еді. Бірақ, бүгінде қолына домбыра, баян алып, жарапазан айтып жүрген адамды табу қиын. Есесіне, қаладан ара-тұра кездескен адамның алдынан шығып жарапазан айтатын балаларды көріп қаламыз.
Әрбір пәтерге барып, айтатындары да бар. Бұл да жақсы шығар, дегенмен, қазақтың қасиетті өлеңінің қадірін кетірмей, өз жолымен, өз нақышымен, сөз түсінетін, жол білетін азаматтардың айтқаны дұрыс-ақ қой. Енді балаларға құрт, тәтті берсең алмайды, ақша сұрайды. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, ғасырлар бойы жасап келе жатқан жарапазан айтуды дәстүрдің тозығына жатқызуға болмайды. Мұның әрине бір нәпақа, пайда табу үшін айтылмайтыны белгілі. Үй иесінің ризалығымен берілген нәрсенің бәрі де сыйлық. Әрі бұл адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен мейірімін оятатын амал. Бірақ бір өкініштісі, қазірде ауылдасының үйіне жарапазан айтпақ түгілі, көп адамдардың туысының шаңырағына да баруы қиындап қалған.
Ауылдағы көршілердің де бұрынғыдай бір-бірімен араласып, аяқ-табағы ортақ болып жатқанын көру қиын. Әлбетте біздер қоғамдағы кез келген көріністі заманға тели салуға бейім тұрамыз. «Заманның ағымы ғой» дейміз. Сол баяғы үйреншікті сөз. Бірақ, көп ретте өз ішімізге үңіліп, болмысымызды зерттеп, рухымызды қуаттап жүрген жоқ сияқтымыз…
Хамит ЕСАМАН, aqjolgazet.kz