Қымбат бөтелке
Таңертең үйден шығып бара жатып, кептерлерге нан қоқымын беріп отыратын қара күртешелі әйелді көремін. Сәлеміме басын көтеріп күлімдеп қояды. Жаулығының шетінен желбіреп тұратын бұйра шаштары, біз мұрны мен аспан көк көздері оның тарам-тарам болып әжімденген жүзін ұмыттырып жіберердей әсем. Жалт-жұлт киінгенді ұната ма, әйтеуір әлемнің бар жылтырын үстіне жапсырып алады. Бірақ «осы аулада қайдан жүреді, неге таң алакеуімнен есіктің алдында отырады» деп ойлайтынмын.
Қыстың соңғы айы еді. Жол жиегіндегі қоқыста сол қара күртешелі егде әйел әлдене іздеп жатты. Жан-жағын кептерлер қаумалап алыпты. Жақын бардым. Көздері ісіңкі, өңі жүдеу. Тамағын қырнап алып, қаннен-қаперсіз қоқыс жәшігін ақтарып тұра берді.
Дүние есігін ашқан сәт бір үйді қуанышқа кенелтіп, өзі де әлдекімге бақыт сыйлаған шығар, ә? Иә, алпыстан асқан шағында несібесін қоқыстан терген әйелге жаным ашыды. Қолымдағы тиынымды беріп, бетін бері қараттым. Бағалы бөтелке іздеп тұр екен. Әйел іздеген қымбат бөтелке 15 теңге тұратын көрінеді… Күнделікті тапқаны нан мен шарапқа жетсе болды екен, басқасының бәрін соның жолында тәрк еткісі бар.
Кеудемнің сол тұсы солқ етті. Қызы 18-ге толып, тұрмысқа шығып, Мәскеуге кеткен. Туған сіңлісі үйін тартып алыпты. Сол қайғыдан бас көтермей ішіп кеткенін жасырмады. Мен оған арнайы үйі жоқтардың мекеніне апарып, орналастыруға ұсыныс жасадым. Көйлек көк, тамақ тоқ болатынын да айттым. Келіспеді. «Ол жерде бостандық жоқ, ішуге рұқсат бермейді» деп күңк етті.
Кетерінде қандай арманы бар екенін сұрадым: «Қызым мен сіңлім қиындық көрмесе екен. Сол екеуі бақытты болса, болды», деді күрсініп. Сәл ойланып, ұйықтайтын жерін көрсетуін өтіндім.
Домофоны жоқ, есігі ашық подъезге алып келді. Тастай цементке бүк түсіп жата қалды да:
– Осылай ұйықтаймын, – деді.
– Аязда жаурамайсыз ба?
– Қаңтар айында бір досым үсіп қайтыс болды. Мен ілініп-салынып көктемге жетейін деп қалдым. Енді өлмейтінім анық, – деп күлді.
Көз алдыма кептерлерге нан қоқымын беріп отыратын, қара күртешелі әйел елестей берді. Күн суымаса екен…
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, aqjolgazet.kz