Журналистиканың 7 артықшылығы
1. Журналистиканың аясы өте кең: “Кімде кім ақпаратқа ие болса, әлемді сол билейді” деген қағида бар. Бұған сонау Алаш қайраткерлерінің бәрі журналистиканы ұлттық қару еткенін қосыңыз. “Дала уәләятынан” бастап “Қазақ”, “Айқап” тағы басқа басылымдарды қиын-қыстау кезеңдерде не үшін шығарғанын еске алсақ та жеткілікті. Журналистика — ұлттың айбары, қарасөздің қайрағы!
2. Журналистика — таза мемлекетшіл тұлғаларды шығаратын мамандық. Журналистер негізінен елшіл, мемлекетшіл, ұлтшыл көзқараста тәрбиеленеді. Елім дегенде етінен ет кесіп беруге даяр тұратын мәртебелі мамандық!
3. Кез келген қоғамның негізгі ұстыны — Әділдік! Жергілікті биліктен, соттан әділдік таппағандар газет редакцияларына ақиқат іздеп, араша сұрап келеді. Әділетті қоғамның жаршысы да басқа мамандық өкілдері емес, дені — журналистер!
4. Журналист — ең бірінші сұрақ қою мүмкіндігіне ие маман. Қоғамның жетістігі мен кемшілігін, істің нәтижесін, ақжолтай жаңалықтар мен елдің мұң-зарын бірінші болып жеткізетін жеделдігі мен өткірлігі тағы бар. Патшадан бастап пақырға дейін тікелей сұқбат алады, кез келген саладан хабары мол, көзі қарақты, көкірегі ояу; кез келген жағдайда 24 сағат жұмыс істей алатын қабілеті мен дағдысы бар жандарды қайдан табасыз?!.
5. Кез келген қоғам ақпаратқа, ағартушылық пен танымдық дүниеге аса зәру. Осының бәрін қамтамасыз ететіндер де журналистер!
6. Қоғамға — жоқшы, шырақшы, сақшы, үгітші, насихатшы, тілекші адамдар керек десек, қазақ қоғамының қалғып кетпеуі үшін жанын да, барын да салып келе жатқан, былық-шылыққа, жемқорлыққа, арамдыққа, қулық-сұмдыққа белшеден бата қоймаған таза бір мамандық керек болса, оны осы журналистер ауылынан табасыз.
7. Кез келген мемлекеттің тілі, діні, ділі мен салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары — баға жетпес байлық. Тілдің тазалығын, сөйлеу, жазу, оқу мәдениетін қалыптастыратын да журналистер қауымы! Бір сөзбен айтқанда, Мұхтар Мағауиннің “Қазақ журналистикасы мен публицистикасы ақын-жазушылардан оқ бойы озып кетті” деген бағасы мен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің “Қазақ журналистикасы — ұлттық партия міндетін атқарып отыр”,- деген бір ауыз пәтуәлі пікірі талай нәрседен хабар берсе керек!
Нұртөре Жүсіптің фб парақшасынан