ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Б. Н. Асыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Петропавл қаласында (СҚО) жуықта болған СЕПАРАТИЗМ СИПАТЫНДАҒЫ оғаш оқиға Қазақстандағы ұлттық-жікшілдік пиғылдың өте қауіпті тақырып екенін тағы бір рет көрсетті. Бұл — «Жаңа Қазақстан» идеясына қарсы бағытталған және оған тікелей төнген қатердің бірегей белгісі деп бағалау керек.
Ел ішіне жік салу синдромы қоғамның қатты алаңдаушылығы мен зығырданын туғызып отыр. Сіз бен біз бұл мемлекеттік қаскүнемдікке қызмет бабымен ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен перзенттік парыз тұрғысында алаңдаушылық білдіруіміз керек.
Иә, ел Конституциясы мен тиісті мемлекеттік заңдар кез келген СЕПАРАТИЗМГЕ қарсы тұра алады. Бірақ халықтық мүдденің қасиеттін қорғайтын «ҰЛТТЫҚ НАМЫС» деп аталатын тағы бір құдіретті күш бар.
Дегенмен, біздің елдің намысын қорғаған ұлтжанды азаматтар МАРҒҰЛАН БОРАНБАЕВ пен ДАНАТ НАМАЗБАЕВ «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген желеумен әрқайсысы 5 жылға сотталып кетті.
Анығында, бұл азаматтар «ұлтаралық араздықтан» бұрын, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Бұл жігіттерге өрескел ҚИЯНАТ жасалды.
Көршілес елдердің елірмелері аузына келгенін айтып және жазып жатқан алауыз пікірлермен салыстырғанда, М.Боранбаев пен Д.Намазбаевтың әлемжелідегі әрекеті баланың ойыны болып қалды. Оларға жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды?
Олар неге «орыс патриоттары» болып саналады, ал өз халқының намысын жыртқан Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайды? Көрші елдің «ұраншылары» қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысына араша түскен екі жігіт неге сотты болады?
Ендеше, бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласындағы жуықта болған жікшілденудің жиіркенішті жағдаятын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін!
Құрметті, Берік Ноғайұлы!
Өзіңіздің Бас прокурорлық құзіретіңізді пайдалана отырып, жаңадан пайда болған жағдаяттарға сәйкес, Қазақстанның Жоғарғы сотынан Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты СОТ ҮКІМІН ҚАЙТАДАН ҚАРАУҒА, оларды ТҮРМЕДЕН БОСАТУҒА ПӘРМЕН БЕРУІҢІЗДІ сұраймын!
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат БАПИ