Жастар жалындаған күн
Әр қазақ үшін ұлттық ойындардың маңызы зор. Жыл басы – әз-Наурыз қарсаңында да осынау қастерлі ойын түрлеріне басымдық берілуде. Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында ұлттық ойын түрлерінен «Ер қаруы – бес қару» атты байқау өтті.
Аталған байқау садақ ату, кір тасын көтеру, ләңгі тебу, қол күрестіру және арқан тарту кезеңдері бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарысқа Тараз қаласының жалынды жастарынан құралған бес команда қатысты. Садақ ату бойынша Дәулет Әбдиев төрелік жасаса, қатысушылар арасынан Досымжан Құдиярбек пен Саят Кайпов атқан оқтарын нысанаға дәл тигізді.
Кір тасын көтеруде аталған мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Асхат Жанқожа «Нәмет» командасының сапында өнер көрсетіп, үздік шықты. Ол 16 килограмм кір тасын 51 мәрте көтерсе, «Жеті қазына» командасының құрамында болған облыстық «Jambуl» телеарнасының редакторы Дәурен Доғдырбай кір тасын 50 рет еркін еңсерді. Сондай-ақ, Арнат Сұлтанқұлов 43 рет, Еркін Әбдиев 36 рет көтеріп көзге түсті. Ләңгі ойынына келгенде командалар жарқырап көріне алмады. Бүкіл дененің қозғалысына қатысы бар осы ойын түрін бүгінгі жастардың аса қызығып ойнамайтынына көзіміз жетті. Дегенмен, Жандос Алданов деген азамат 8 рет, Асхат Жанқожа 6 мәрте теуіп, көштің алдында болды. Қол күресінде тараздық Арнат Сұлтанқұлов басымдық танытты. Ол Бақдәулет Даниярбектен де, Дәурен Доғдырбайдан да басым түсті. Арқан тарту кезеңі де қызықты өтті. Шешуші ойында «Нәмет» командасы «Жетіқазына» командасын ұтып чемпион атанса, үшінші жүлде үшін ойында «Сұңқар» командасы «Қыран» командасын капы қалдырды. Нәтижесінде «Нәмет» командасы жеңімпаз атанса», «Тұлпар» командасы екінші орыннан көрінді. Ал, «Жетіқазына» үздік үштікті түйіндеді. Барлық жеңімпаз және жүлдегер командалар диплом, медаль, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Бұл жарыс ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарымызды жаңғырту мақсатында өткізілді. Кәсіби емес азаматтардың арасынан да қаншама талантты жігіттер бар екенін көрдік. Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық ойынымыздың осылай насихатталып жатқаны қуаныш. Біз мұндай жарыстарды алдағы уақытта да өткізетін боламыз, – дейді Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева.
Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті