Аборт албырттық па, салғырттық па?
Жыл сайын жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің статистикалық көрсеткіші «жасарып» барады. Соңғы жылдары аймағымызда кәмелеттік жасқа толмаған қыздар арасында жүкті болып, жасанды түсік тастайтындар мен ерте ана атанатындар саны өсіп келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ерте жүктілік пен жүктілікті тоқтату жасөспірімнің денсаулығына зиян тигізетінін айтады. 2021 жылы 244 жасөспірім жүктілік бойынша тіркеуге алынса, былтыр бұл көрсеткіш 300 адамнан асып жығылды.
Мамандардың айтуынша, 18 жасқа толмай жүкті болғандардың басым бөлігі жекеменшік емханаларға барып, түсік жасатады. Сондықтан бұл мәліметтер де нақты болмауы мүмкін.
– Біз өз тарапымыздан кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұл мәселенің бір ұшы әлеуметтік жағдаймен де байланысты. Тұрмыс құрмай, жүкті болған қыздардың дені тұрмысы төмен отбасыдан шыққан. Олар ерте жүктіліктің бала және ана денсаулығына кері әсерін тигізетінін ескере бермейді. Бүгінде дәріханаларда түрлі контрацептив препараттар толып тұр. Барлық мемлекеттік емханаларда отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Сол жерден жүктілікті болдырмайтын құралдарды тегін алуға болады. Қаламаған жүктіліктің алдын алуға бағытталған ақпараттар өте көп. Түрлі жарнамалардан, көгілдір экраннан, баспасөз беттерінен көруге болады. Тек оны адамдардың өздері білуге құлықсыз. Осыдан келіп бізде «аборт мәдениеті» қалыптаспағанын көруге болады. Осыны бір жолға қоймасақ, заңсыз жүктілікке тоқтау қою да мүмкін емес, – дейді акушер- гинеколог Гүлжан Қайырбекқызы.
Білім басқармасының мамандары өңірде ерте жүкті болған 250-ге жуық жасөспірімнің 17 жасқа толмағанын, олардың мектеп оқушылары және колледж студенттері екенін айтады.
– Мұндай келеңсіздіктер қалаға ауылдан колледжде оқимын деп келетін қыздар арасында жиі орын алады. Олар әлі оқушының жасында. Өтпелі кезеңде ата-ана балаға үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Сондықтан дәл осы жаста, әсіресе, қыз баласын алысқа жіберу қиын. Бұл үнемі бақылау мен қадағалауда болмаған балалардың әрекетінен туады. Сондықтан маман ретінде айтарым, әр ата-ана баласын бұлай жіберетін болса, алдын ала осы тақырыпта ашық сөйлесіп, оны үлкен өмірге ертерек дайындауы керек. Кейде біздің менталитетімізге сай, бұл мәселе кәмелет жасқа толған балаларымызға да айтылмайды. Нәтижесінде, бала алдыру сынды ауыр оқиғалар туындайды. Өте өкінішті, – дейді Жамбыл политехникалық колледжінің психологы Дана Мырзаева.
БҰҰ деректері бойынша, Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады екен. Қасіреті сол, оның дені 18 жасқа толмаған қыздар арасында тіркелген. Жасөспірімдердің жүктілігін зерттеумен айналысатын ғалымдар түсік жасату ата-аналары ажырасқан немесе ата-анасы басқа елде, өзге облыстарда қызмет істейтін отбасыларда жиі кездесетінін айтады. Жаңа ғасырдың отбасылары балаларды еркін ұстау қағидасын құп көреді екен. Бақуатты отбасылар балаларының түн ортасына дейін қыдырып, түнгі клубтарға баруына да рұқсат ететін болып шыққан. Бүгінде мектептің жаһандық құзыреттілік пәні аясында жыныстық және репродуктивтік денсаулық шарттары бойынша да тәжірибелік жоба жүзеге асырылады.
Қасиетті Құранда «біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда…» деген аяттар бар. Яғни, Ислам дінінде жасанды түсік жасатуға тыйым салынған. Тек бір ғана жағдайда, өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына қатер төнсе ғана ол баланы алдыртуға болады. «Біз қазіргі таңда жасанды түсіктің ғана еме с, оған апармаудың да жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ол үшін, ең алдымен, жастарымызды имандылыққа, нәпсісін тыюға тәрбиелеуіміз керек. Жасанды түсік жасатқаннан бұрын некесіз жыныстық қатынасқа барудың өзі – ауыр күнә», дейді Салы молда мешітінің наиб имамы Елдос Ералиев.
«Құрсағыңда жатқан балаңды алдырып тастау арқылы немерелеріңнің ғұмырына балта шапқан, ұрпағыңа геноцид жасаған пақырға айналасың», дейді орыстың пролайфер- жазушысы Владимир Кушнерик. Жасанды түсік жасату арқылы ұрпаққа жасалған қастандық пен қылмысқа пара-пар бұл қадам кім-кімді де ойландыруы керек-ақ.
Әделя ТҰРСҰМБАЙҚЫЗЫ, студент.