Бес жасар чемпион

Алматыда алғаш рет еліміздің барлық өңірінен жиналған жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстан чемпионаты өтті. Олар қыздар мен ұлдар арасында жасына байланысты топтарға бөлінді. 5, 8, 10, 12, 14, 16, 18 жасқа дейінгілер арасында өткен жарыс тартысқа толы болды. Жалпы, жарыста мыңнан астам жас шахматшы бақ сынады. Ешкім жеңіс жолында аянып қалған жоқ.

Нәтижесінде Т.Рысқұлов ауданының мақтанышы, бес жасар Айару Қаипова чемпион атанды. Ол Астана мен Алматының шеберлігі жоғары спортшыларымен бәсекеде үздік ойын көрсетіп, мықтылығын дәлелдеді. Осылайша, Айару халықаралық жарыстарға баруға мүмкіндік алды.

– Шахмат – күрделі ойын. Ой жүйріктігін қажет етеді. Өзім мектепте шахмат үйірмесінен сабақ беремін. Айарудың мүмкіндігін бір жарым жылдан бері байқап, шеберлігін шыңдап жүрмін. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі жарыстардан топ жарсақ деген ойымыз бар, – дейді чемпионның әкесі, әрі жаттықтырушысы Ниязбек Қаипов.

Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті