Алушы да, өткеруші де дән риза

Тараз қаласындағы «Grand bazaаr» сауда кешенінде өткен жәрмеңкеге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Талас, Шу, Мойынқұм аудандарымен қатар, Тараз қаласының тауар өндірушілері өз өнімдерін шығарған болатын.

Ақпаннан бері бүгінгі күнге дейін жеті жәрмеңке өткізіліпті. Оған жалпы 368,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылып, өткерілген. Осы ретте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековті сөзге тартқан едік.

– Жәрмеңкенің жиі өткізілуі ең әуелі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне де, тұтынушыларға да тиімді. Өйткені, екі жақ та арадағы делдалсыз тауар өткізіп, тауар алуға мүмкіндік алады. Бұл бірінші кезекте қарапайым тұрғындарға қолайлы. Екіншіден, нарық бағамынан мұндағы баға 10-20 пайызға төмен. Сондықтан, мұнда алушы да, өткеруші де дән риза, – дейді басқарма басшысы Нұрби Жігітеков.

Бұл жолы жәрмеңкеге жалпы құны 34,1 миллион теңгені құрайтын 48,8 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары шығарылған. Оның 12,2 тоннасын төрт түлік пен құс еті, 2,5 тоннасын шұжық, 5,3 тоннасын сүт өнімдері құрайды. Бұдан бөлек, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік, 3,4 тонна макарон өнімдерімен қатар, 2,6 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 13,7 тонна жеміс-жидек пен көкөніс бар.

Қала тұрғыны Камшат Әбирбекова апта сайын өзіне қажетті азық-түлікті осы жерден келіп алатынын айтты.

– Қазір азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Біз сияқты зейнеткерлер үшін жәрмеңкенің көмегі зор. Өйткені, біз мұнда сүтті, айранды шаруаның өз қолынан арзанға аламыз. Сауда орталықтарында пияздың бір килограмы 280 теңге болса, біз оны 128 теңгеден алып отырмыз. Жұмыртқа мен етті де сауда нүктелерінен арзан ала аламыз. Қала орталығында мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрғаны біз үшін тиімді, – дейді ол.

Нұргүл ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.
Тараз қаласы