Жобаға қатысуға ниетті тұрғындар көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше басымдық беруі тегін емес. Президентіміз Жолдауында: «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген» дей келіп, оны бұдан әрі қарай дамыту туралы тапсырма берді.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы облысымызда, соның ішінде Жуалы ауданында 2019 жылдан бері табысты іске асырылып келеді. Атап айтсақ, пилоттық жобаға алғашқы болып Ақтөбе ауылдық округі енген болатын. Одан кейін жобаға қатысушылар тарапынан қайтарылған несие қаражаты есебінен ауданда Ақсай ауылдық округі жобаға қосылды. Биыл бұл жобаға Жетітөбе ауылдық округі қатысуда.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, қанатқақты жобаны 2022-2023 жылдар аралығында Жетітөбе ауылдық округінде жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда оған қарасты алты ауылдан 145 өтініш қабылданған. 38 өтініш мақұлданып, соның ішінде 10 несие алушыға 48 миллион 740 мың теңге берілген. Өтініштерді қанағаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. Бұдан бөлек, екі құжат кепілдікке қойылу үшін халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеліп жатса, 26 құжат бойынша несие беруге қажетті келісімшарттары дайындалуда.

– Жобаға Жетітөбе ауылдық округіндегі Кәріқорған, Тасбастау, Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Майбұлақ, Қосмұрат елді мекендері қатысуда. Ондағы халық саны 3068 адамды, аула саны 529 отбасын құрайды. Мұндағы халықтың тең жартысы жұмысқа жарамды жастағылар. Оның ішінде 91 көпбалалы ана бар. Атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандар саны 68 адам, бұл 10 аула тұрғыны. Округте 276 шаруа қожалық жұмыс істейді. 74 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысуда, – дейді Е.Серкебаев.

Бүгінгі таңда «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмысын бастады. Көпшіліктің қалауымен кооператив төрағасы болып Александр Уразовский сайланды. Жобаға жалпы 755,644 миллион теңге қаралған. Оның ішінде үй іргесіндегі жер телімін пайдалануға 19,407 миллион теңге қаралып, ол 513 аулаға бөлінбек. Екінші бағыт – мал шаруашылығын тиімді пайдалану бағытына 464,580 миллион теңге бөлініп, оған 185 адам өтініш тастаған. Бұл қаражатқа 2640 бас мал сатып алу жоспарлануда. Оның 1180 басы мүйізді ірі қара, 143 жылқы, 1000 құс пен 317 бас қой. Ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бағытына тұқым және минералды тыңайтқыштар алуға 26,272 миллион теңге қаралған.

– Президент Жолдауында пилоттық жобаны жүзеге асыру арқылы азық-түлік қорын дайындауға зор мүмкіндік барын айтып отыр. Ал, азық-түлік қорын дамытуда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің үлесі алдағы уақытта басымдыққа ие болмақ. Биыл ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті техника алу үшін Үкіметтен 210,350 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 4 трактор, бір комбайн және 13 ауыл шаруашылығы тіркемесін алуды көздеп отырмыз. Алып та жатырмыз. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар бірігіп, кооперативтің жер көлемі ұлғайған. Атап айтсақ, егістік жер көлемі 930 гектарға, шабындық 145 гектар алқапқа жетіп отыр. Көп шаруалар бізбен бірге жұмыс істеуге ниетті. Алда егістік және шабындық көлемі арта түседі деген сенімдеміз, – дейді кооператив төрағасы Александр Уразовский.

Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 40,5 миллион теңге бөлінген. Ол қаражатқа 4 жоба іске асырылады деп жоспарлануда.

– Жобаның бесінші бағыты кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Атап айтсақ, сүтті қайта өңдеу кіші цехын ашуға 5, наубайханаға 3, тауық өсіретін шағын ферма құруға 8,5, сүт өңдеу зауытын салу үшін 24 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 85 құжат несие алуға өткізіліп, құжаттары тексерілуде. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары Юсуп Хайдаров жылыжай, Гүлзира Сағындықова тігін цехын, Арайлым Жорғатаева техникалық жөндеу орталығы, Айнакүл Ахмадбекова құс өсіру шаруашылығын құруға ниеттеніп отыр. Биыл жобаға Қарасаз, Қызыларық, Боралдай, Қошқарата, Көкбастау және Мыңбұлақ ауылдық округтерін енгізу жоспарлануда, – дейді Ержан Серкебаев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы