Кәсіпкерлер студенттерді жұмысқа шақырды
Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан кәсіпкерлерімен бірге №7 Бетқайнар колледжінде болып, оқу орнының материалдық-техникалық базасының жағдайымен танысты. Аудан жастарына техникалық және кәсіптік білім беретін колледжде бүгінгі таңда 556 студент «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша білім алуда.
Колледж директоры Гүлнәр Әлімбаева кәсіптік оқу орнындағы техника паркімен таныстырды. Ол техника паркінде «John deere», «Енисей» комбайндары, «MTЗ- 80», «deutz fahr» маркалы трактор, КамАЗ, экскаватор, соқа, дән сепкіш, барлығы 20 техника және 3 виртуалды тренажер барын айтты.
Облыс көлемінде шырынды лимонымен танымал болған колледж базасындағы 224 шаршы метрді құрайтын жылыжайда жылыту, сумен қамту жүйелері орналасқан. Жылыжай жыл бойы жұмыс істеп тұр.
Колледждің жатақханасында 50 студент орналасқан. Кітапхана мен оқу залдары да уақыт талабына сай жабдықталған. Студенттердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, этно стильде тігілген киім үлгілері мен жас шеберлердің жұмысына аудан басшысы таңданыс білдірді.
Мұнда білім алуға ынталы жастарға барлық жағдай жасалған. Мәселен, комбайн және трактор тренажері кабинетінде студенттер виртуалды түрде техниканы тізгіндеу арқылы жер жыртып, егін жинап, ауыл шаруашылығы құралдарын игеруді меңгеруде. Ал, ауыл шаруашылығын механикаландыру кабинетінде виртуалды тренажердің көмегімен трактор құрылғыларын шашып, жинауға машықтануда.
Дәнекерлеу ісі кабинетіндегі тренажер-симулятор студенттерге дәнекерлеу процесінің дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу орнының жұмысымен толық танысқан аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы кәсіпкерлер, бөлім басшылары және колледж ұстаздарымен жиын өткізді. Аудан басшысы жұмыс сапарының негізгі мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерді колледж жұмысымен таныстыру, оқу орнына қандай көмек қажет екендігінен, нендей өзекті мәселелері барынан хабардар болу екенін атап өтті.
Жиынға колледж мұғалімдерімен қатар, кәсіпкерлер де қатысқан болатын. Кәсіпкерлер кәсіптік білім ошағының техникалық оқу-жабдықталуы мен ондағы студенттердің біліктілігіне жоғары баға беріп, өздеріндегі тапшы мамандықтарды осында кәсіби білім алып жатқан жас мамандар толықтырса деген ұсыныстарын айтты.
Колледж директоры сұраныстағы мамандықтар бойынша студенттердің басым бөлігінің ауыл шаруашылығы құрылымдарына барып жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Аудан әкімі жиын қорытындысында кәсіпкерлерді кәсіптік колледжбен бірге тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист.
Қордай ауданы