Инвесторлардың қызығушылығын тудыратын жоба таныстырылды

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасы Ұлттық кооперативтер және басқа да шаруашылық бірлестіктерінің ұлттық қауымдастығы төрағасы Қазыбек Шайхпен кездесті.

Аймақ басшысы алдымен өз сөзінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық әлеуеті, туризмді дамытуға қолайлы тарихи байлығы мен табиғи ресурстары туралы қысқаша айтып өтті.

Өз кезегінде өңірдің тамаша табиғаты мен көрнекті орындарына, Тараз қаласының терең тарихына тоқталған Қазыбек Шайх өзінің жобасын ұсынды. Оның айтуынша, жоба облыста «Хаома фест» әлем елдерінің дәстүрлі сусындарының ежелгі дәм-жәрмеңкесін өткізуге негізделген. Ауқымды шара Жамбыл облысы мен әлемнің іскерлік қоғамдастықтары арасында халықаралық мәдени және іскерлік байланыстардың желісін құру, облыс аумағында шетелдік контент тұтынушылар мен туристерден түсетін валюталық кірістер есебінен облыс бюджетінің түсімдерін ұлғайту үшін креативті экономика жобаларын жүзеге асыруға жол ашпақ.

Сондай-ақ, үш күнге жоспарланатын шараға қатысатын мыңдаған қонақтарға өңірдің терең тарихы, Тараз шаһарының өнегелі өткені мен бүгінгі тамаша келбеті көпшілік назарына ұсынылып, сол арқылы жарнамалау, инвесторлардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік бермек.

Аймақ басшысы жобаның ауқымдылығы мен бірегейлігіне назар аударып, оның іске асыру барысы, мүмкіндіктері мен нәтижесі бойынша жан-жақты зерделеу және қарастыру, ұсыныстар әзірлеу үшін жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі тиімді жобаларды қолдауға жергілікті билік қашанда ынталы екенін атап өтті.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.