Кәсіпкерлерге кедергі келтіру фактілері азаймай тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керектігін атап өткен еді. Президент жүктеген міндетті жүзеге асыруда прокуратура органдары кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактілерін болдырмауға бағытталған бірқатар жұмыстарды атқарып келеді. Атап айтқанда, облыстық прокуратура бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспары мен жергілікті 2023 жылға арналған ынтымақтастық жоспарының негізінде салық органдарының жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заңдылықты сақтауына талдау жүргізген. Талдау нәтижесі облыстық прокуратура жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңес, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында талқыланды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысқан кеңес отырысын ашқан облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров күн тәртібінде көтеріліп отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды.

– Президенттің тапсырмасы аясында бас прокурордың кәсіпкерлік саласында қадағалауды күшейту туралы бірнеше нұсқаулары орындалуда. Осыған байланысты прокуратура органдары бақылау органдары тарапынан бизнеске қатысты бұзушылықтарды және құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді негізсіз қудалау фактілеріне жол бермеуге бағытталған ауқымды жұмыстарды атқарып отыр. Ол үшін прокурорлар талдамалық деңгейде бекітілген өкілеттігін кең ауқымда және қадағалаудың тиімді құралдарын пайдалануда. Өткен жылы Бас прокуратура мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында 2023 жылға арналған бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Сондай- ақ, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсіновпен соңғы кездесу қорытындысы бойынша 2023 жылға арналған ынтымақтастық жоспарларға қол қойылды. Онда бизнестің құқықтарын қорғау, заң тұрғысынан қамтамасыз ету мақсатында өзара іс-қимылдың маңызды бағыттары айқындалды. Аталған жоспарларға сәйкес, облыс прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында бірнеше талдаулар жүргізді. Бірінші кезекте, біз қылмыстық процесте кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау мәселелерін, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының бақылау функцияларын іске асыру саласындағы проблемалық мәселелерді талқылаймыз. Прокуратура органдары бірқатар бұзушылықтарды және заңнаманың жетілмеуін талқылады. Оларды талқылауға сараптамалық кеңес мүшелерін белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Нұрғалым Мәжитұлы.

Сараптамалық талдау нәтижесінде анықталған заңсыздықтар жөнінде облыс прокуратурасының үшінші басқарма бастығы Дәурен Көбеев баяндама жасады. Ол өз сөзінде өңірдегі бірқатар бизнес нысандарының мәселелері оң шешімін тапқанын айтты. Облыстың екі мыңнан астам кәсіпкерінің құқықтары қорғалған. Салық салу және бақылау функцияларын жүзеге асыру саласында кеткен бұзушылықтар мен проблемалық мәселелер анықталып, талқыланған.

Прокурорлардың араласуымен 475 заңсыз салық ұйғарымының күші жойылған. Осы бағыттағы мақсатты жұмыстың нәтижесінде Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандары бойынша мемлекеттік кірістер органдарының ұзақ уақыт шетелде жүрген кәсіпкерлерге және Меркі ауданында қайтыс болған кәсіпкерге қатысты хаттамалар жасағаны анықталды.

Прокурорлар осы тектес 54 әкімшілік материалдың күшін жойды. Фискалдық чектердің, материалдардың берілуіне бақылауды күшейту бөлігінде жүзеге асырылған пилоттық жоба 90 пайыз әкімшілік материалдарды растайтын видеоматериалдардың болмағанын анықтады. Камералдық тексеру кезінде де салық органдары тарапынан бұзушылықтарға жол берілген.

Соның салдарынан банктерде негізсіз шектеулер енгізілген. Кейбір жағдайларда мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз тексерулер жүргізгені белгілі болды. Анықталған фактілер бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Баяндамада айтылған мәселелерге қоса, облыстық прокуратураның «Сенім маршруты» акциясы жүргізілген аудандарда алқаптарды суғаруға қажетті судың жеткіліксіздігі және жер үлескерлерінің шешімін таппаған мәселелері де талқыға салынды. Мұндай мәселелер, әсіресе Меркі, Қордай, Байзақ аудандарында орын алған. Осыларды атап айтқан облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кеңеске қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектен мәселені назарға алып, шаруа қожалықтарының проблемаларының өзектілігіне көңіл бөлуді сұрады.

Сонымен қатар, кеңес отырысында қозғалған мәселелерге байланысты ішкі істер департаменті, статистика, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері де өз пікірлерін атқарылған жұмыстар жөнінде мәліметтер келтіре отырып жеткізді.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кәсіпкерлердің құқығын қорғау арқылы істі ілгерілетуге қолдау көрсетудің ел экономикасына да едәуір пайдалы екенін сөз етті.

– Бүгінгі кеңестің отырысында көтерілген мәселелер өте өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға кедергі жасайтын заңсыздықтарды жою бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз оған бүгінгі кеңес отырысының негізгі баяндамасында көз жеткіздік. Дегенмен, әлі де мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерге кедергі келтіру фактілері азаймай тұр. Мұны құқық қорғау органдары және кәсіпкерлік палатасы жүргізген талдаулардан байқауға болады. Атап айтқанда, жер, құрылыс жұмыстарына рұқсат алу рәсімдерінде кәсіпкерлер көптеген бюрократиялық кедергілерге тап болып жүр. Біз оны ашық айтуымыз керек. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, осы аталған кедергілерге жол бермеуіміз қажет.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Жарлығына сәйкес, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді және профилактикалық тексеру жүргізуді тоқтатуға міндетті. Алайда, бүгінгі жиналыста мемлекеттік органдар тарапынан шағын кәсіпкерлік субъектісін заңсыз тексерулер тыйылмай тұрғанына көз жеткізіп отырмыз.

Баяндамаға сәйкес, тек 2022 жылдың өзінде көптеген заңсыз тексеру орын алған. Дегенмен, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігі бірдей болу керек деп есептеймін. Мектептерге барғанда міндетті түрде асханаларына кіріп, балаларға беріліп жатқан тамақтардың сапасына назар аударамын. Себебі, балаларымыздың дамуына, денсаулығына әсері бар ішетін тағамдарының сапалылығы маңызды. Сондықтан, кәсіпкерлер де өздерінің жауапкершіліктерін сезінуі керек деп ойлаймын.

Облыста кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының базасында бизнеске арналған үкіметтік инвестициялық орталық жұмыс жасауда. Орталық биыл 1 наурызға дейін 354 кәсіпкерге қызмет көрсетіп, кәсіпкерлікті дамыту, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіпкерлер үшін кедергілерді азайту бағытында жұмыс істейді.

Осынша қызмет көрсетілгенімен, кәсіпкерлікке кедергілер азаяр емес. Бұл ретте орталықта қанша ақпараттық қызмет көрсетілді деген сұрақ туындайды. Алдағы уақытта орталық жұмысының тиімділігіне талдау жасап, тиісті шара қабылдау қажет.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралар да аз емес. Соңғы жылдары өз ісін бастауға немесе кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қаржылық мүмкіндіктер арттырылуда. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұлттық жоба аясында облыста 2023 жылға 13,1 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша субсидия ретінде шаруа қожалықтарына бүгінгі күні республикалық және облыстық бюджеттен қосымша 30 миллиардтан астам қаражат бөлінді.

Сонымен қатар, облыста былтырмен салыстырғанда тіркелген жеке кәсіпкерліктің саны 34 пайызға артты. 25 мыңнан астам жеке кәсіпкер қосымша тіркелді. Оның үлкен үлесі «Ауыл аманат» бағдарламасында. Бұл бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып жатыр, ауылдық жерде өз ісін ашып, табысын арттыру үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 5 жылға 2,5 пайызбен несие берілуде. Соңғы үш жылдың ішінде 18 миллиард 700 миллион теңге қаражат берілді.

Биыл тағы да республикалық бюджеттен 24 миллиард теңге бөлініп отыр. Облыстың 26 ауылдық округінде осы жұмыстар жүргізіледі. Әрбір кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды сезінуі тиіс. Ауыл әкімдері бұл бойынша түсіндіру және жәрдем беру жұмыстарын жүргізуі керек, өкінішке қарай, осыған сай белсенділікті әлі көріп отырған жоқпыз. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, түсіндіру шараларына белсенді қатысу керек деп ойлаймын.

Аталған бағыттағы орталық мемлекеттік органдардың, аумақтық департаменттердің құзыретіне қарай тиісті әдіснамалық көмектерді көрсете отырып, атсалысулары қажет. Ал, жергілікті атқарушы органдар өз тараптарынан заңсыз тексерулерді тоқтатуы тиіс. Шағын және орта кәсіпкерлік экономикамыздың даму драйвері болатынын ескере отырып, заңсыз тексерулерді және әкімшілік кедергілерді жоймай, экономикамызды дамыта алмайтынымызды атап өткім келеді. Барлық жұмыстарды бірлесе атқарсақ, нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Бизнестің заң аясында құқықтарының қорғалуына негізделген жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

Қамар ҚАРАСАЕВА, Жамбыл облысы. aqjolgazet.kz