Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның біраз асыл сөздерімен бөлісе отырайық………..

Алла тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады.
****
Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.
****
Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.
****
Өртте жүріп сабырлы болу – мақтауға сыймайды.
****
Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс лағнет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.
****
Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады.
****
Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді.
****
Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ-даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым! Қылығыңды көріп ішім күйеді.
****
Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды.
****
Біздің кемшілігіміз — әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі.
****
Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз?!
****
Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!
****
Ғұмыр бәйгесіңде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!
****
Түзу қалам — қисайған, өткір қалам — мүжілген заман.
****
Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!
****
Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек
****
Ұлтына жұртына қызмет ету — білімнен емес мінезден.
****
Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.
****
Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта.
****
Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.
****
Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады.
****
Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады.
****
Би ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды.
****
Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды.
****
Сусағанның түсіне су кіреді
****
Кісі өз басына тіленіп кішірейсе, кемісе – өз олжасы.
****
Не жұмыс қылсақ, осы үш: ақыл, сөз, іс сана талқысынан өтпей жұмысқа айналмайды
****
Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл болып басталады, сөз болып сөйленеді, ия жазылады, ақыл сөз сонан соң барып іске айналады.
****
Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді қылмақ мұнан неше есе қиын.
****
Дүниеде не болса бірте-бірте аздап ілгері басып болады.
****
Оқу-білім бір, оқу ұлғая білім болады.
****
Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ, мінезі жақсы, жаман бола ма, мұны құдай біледі.
****
Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт болып тіршілік көрмек емес.
****
Адам баласы өзге хайуаннан айырылғанда бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айырылады.
****
Байлық түбі — ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.
****
Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды.
****
Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, щабан қалады. Жүйріктік ақыл, ұсталық жәһитшілікте. Еріншек езге жол бәйге, сыбаға, мүше жоқ.
****
…Өтіріксіз, ұрлықсыз бұл сорлылардың арам жемі табылмайды.
****
Халылқ ісін орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.
****
Тіршілік ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбас, әдіс.
****
Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі сонікі.
****
Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып жалпая берсе, мұнан түк өнбейді.
****
Бөтен кісі қазаққа ешқандай жақсылық артып әкеліп бермейді.
****
Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды.
****
Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.
****
Қанша ұзын болдым десе де, адамның бой шарығы белгілі.
****
Жалғыз жүріп өз басын қорғаса, кісі бәледен құтылады. Көппен жүріп өз басын қорғаймын десе, көпті құдыққа тығады. Көп мақсаты иін тіресіп, тізе қосып, бір жүрсе табылады.
****
Талас дүние – ғұмыр сипаты, талас тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді.
****
Айыр сөзге айып жоқ. Ақылға саңырау да айып.
****
Бұл заманда жылап мұратқа жетемін деу, аш түйенің күйсеуі болады.
****
Қазына газетаның сырты, жабуы, қалам, мақала – жаны.
****
Адам шеберлігі араласып іс қылмаса, таудай алтын бір елі қазына.
****
…Мінсіз жалғыз құдай, секпілсіз жалғыз күн.
****
Тілші, хабаршы – газета отыны.
Газетаны оқып жұрт өзін-өзі көреді, өзін-өзі біледі.
****
Түбінде біздің қазақ тілі, бізбен тіл тұқымы бір, өзге мұсылманды байытпаса, бір-бірімізге қонсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар: Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой.
****
Ер жігіттің белгісі – адасқанын мойнына алғаны.
****
Бәріміз бұл сұм дүниеге қонақ. Артыңда орынбасарың табылсын.
****
Дүниеде адам баласы айналып кетпес екі ақ көпір бар: бірі – өлім, бірі – махаббат.
****
Тәрбие жолымен білімге шыныққан адам білгенін кәріне ала кіреді.
****
Білім күн сияқты, көрінгеннің бәрін жарылқайды.
****
Білімге жақсы да, жаман да жақ. Білім алмас қылыш.
****
Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!
****
Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.
****
Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ.
****
Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.
****
Бостандыққа апатарын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.
****
Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау.
****
Біз қарап отырсақ қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді.
Алаштың баласы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл.
****
Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмесін.
Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді.
****
1)Қазақтың буржуазиялық зиялылары мені «ұлт көсемі» деп атады.
2) Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым.
3) Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым.
****
Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегеніңді осы кітаптан табасың.
Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шаһкәрімнің кітабын әбден білмей қадам баспасын. кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес.
****
Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?!……………
Макпал Орымбетова