ЖИЕН….
— Кейінгі кезде қыздан туған жиенді немере дейтіндер көбейді. Жиен десе өзекке теуіп өгейсітіп алатындай, одан гөрі немере десе жанына жақынырақ болатындай көреді. Қай қазақтың тарихында, қай қазақтың ауыз әдебиетінде жиенді немере деп атаған еді? Бұл бір болмашы түсінбеушілік емес, үлкен қателік дер едім. Жиен мен немере атауының түсінігі екі бөлек. «Жиен» деп қыздан туған баланы атайды. Жиен қазаққа сол «жиен» атымен құрметті. Жиен -жиен атанғаннан кеміп қалмайды, керісінші қазақ қыздан туған баланы «жиен» деп ерекше еркелетеді. «Жиенді ұрғаның қолы қалтырайды», «Жиеннің наласы жаман» деген тыймдар арқылы ерекше қамқорлыққа алған. Жиен сұраса бетін қақпай қалауын берген. Тіпті, жиеннің қалаған затын сұраусыз алуға да мүмкіндігі бар. Мұндайға қазақ өкепелемейді, «E, жиен жиендігін жасаған ғой» дейді де қояды. Ертеде Қарсақ деген бай болған деседі. Қарсақтың жанынан артық көретін айтулы жүйрік бәйге аты болады. Рулы елдің абұройна айналған байдың жүйрігін өзге түгілі өз балалары да мінуге батпайды екен. Сол жүйрікті бір күні Қарсақ байдың туған жиені сұраусыз мініп аяғын шаптырып әкеледі. Ах!, деп қалған байдың ағайындары айғай шығармақ болғанда Қарсақ бай «жиенімғой тимеңдер. Қыздың наласына қалмайық» деп елін өзі тоқтатқан екен. Сол жиеннің орнында байдың кіндігінен тараған көп ұрпағының бірі болса әрине оны қамшының астына алар еді. Ашулы Қарсақ бай өз ұлының немесе келінінің көңіліне қарап жатпас еді. Мінекей, жиен мен немеренің айырмасын осыдан ажыратыңыз. Атақты Ақан серіге нағашысы Құлагерді бергенде болашақ тұлпарды танымай берген жоқ. Жиеннің қалауы сол болған соң берді. Аталы жолдан аспай болшақ тұлпарға құрық салдырды. Бұл дәстүрді «Жиен құрық» деп атайды қазақта. Ел арасында мұндай мысалдар көптеп кездеседі. «Қалауың болсын жиен!» деп мырзалық танытатын мәрттік тек қазақтар арасында ғана қалыптасқан. Бұл кешегі мен бүгінгінің әңгімесі емес. Түбі тіптен әріде жатыр. Сондықтан қыздан туған баланы «ЖИЕН» деген өзінің әдемі әрі ерке атауымен атаған абзал………………….
Тойкенов Айдар Темірбекұлы
Online Qazaqstan