Әрбірімізде «Тараз — туған қалам» деген сезім болса…
Алатау мен Қаратаудың түйіскен маңынан орын тепкен екі мың жылдық тарихы бар, ежелгі әрі жаңарған Тараз туралы сан ғасырдан жеткен небір аңызға бергісіз әңгіме көп. Тым арыға бармай-ақ, көркіне көз тоймайтын шаһарға арнап қазақтың даңқты композиторы Шәмші Қалдаяқовтан бастап, қаншама композитор ән шығарды, қай ақын өлең арнамады?! Қазақ елінің әр қиырынан оқта-текте келіп тұратын достар «Мынадай жасыл желекке бөленген қалада тұрасыңдар, не деген бақыттысыңдар» деп қызыға қарағанда, төбеміз көкке екі елі жетпей қалатын. Тіпті, көрші шымкенттіктердің өзі «Тараз – қысы жылы, жазы жаймашуақ, көркіне көз тоймайтын, ауа райы ерекше қала ғой» деп тамсанатын.
Сырт көзді осылай сүйсіндірген қаламыздың қадірін түсініп жүрміз бе, осы? Көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру және тазалықтың екі айлығы жүріп жатыр. Облыс орталығын қоқыстан арылтып, көгеріштендіру жолында қандай тірлік атқарылуда? Қаланың бар тазалығы мен көріктендіруі бір ғана «Жасыл Ел-Тараз» мекемесіне жүктелгендей. Тазалыққа жауап беретін бірден-бір мекеме болған соң, ол тікелей міндеті, әрине. Мекеменің жұмысшылары бордюр шеттерін, жүргіншілер жолын, арықтағы қоқысты күнделікті тазаласа, әкімшілік бөлімінде еңбек ететін қызметкерлер өздеріне бекітілген көшелерге сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарымен айналысады.
Көше бойларындағы, көпқабатты үйлердің аулаларындағы қоқыс жәшіктерін күнде алып кетеді. Тал бұтағын реттеу де мекеме жұмысшыларының міндеті. Өсіп кеткен шөпті орып, саябақтар мен скверлерге гүл отырғызады. Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, жол тазалығын сақтау учаскесінің өзі күніне 20 текше метр, ал қаладағы округтер бойынша 140 текше метр қоқыс шығарылады. 11 округке 11, көше бойындағы қоқысты тазалауға 4 техника күнделікті жұмылдырылады. Мұнымен қоса, қала аумағында тал отырғызумен айналысады.
Бұл мекеменің биыл қыста қалың қар түскенде күндіз-түні тыным таппай жұмыс істегенін тараздықтар көрді. Қала тұрғындары «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысына әлеуметтік желіде ризашылықтарын білдіріп жатты. Олардың көше бойлары мен жүргіншілер жолдарын, саябақтарды қыста қардан, жазда күл-қоқыстан тазалаудағы жұмыстарын өзіміз де күнделікті көріп жүрміз.
Бұрын сенбіліктен мемлекеттік болсын, жеке құрылым болсын, бірде-бір ұжым тыс қалмай, ұйымшылдықпен қатысатын. Қазір еңбек ұжымдары арасында ондай белсенділікті аңғара бермейміз. Иә, сенбілікке ешбір қызметкерді күштеп немесе қинап шығара алмаймыз. Шығу-шықпау әркімнің өз еркінде. Бірақ, бұл қалада өзіміз тұрып, өзіміз ауасымен тыныстаймыз. Сондықтан, қала тазалығы мен көріктендіруге келгенде тараздықтардың ұйымшылдығы керек.
Көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындар аптасына бір рет сенбі күндері таза ауаға шығып, бой жазып, тазалықпен айналысса, біріншіден, өз денсаулығына жақсы, екіншіден, қала тазалығына үлес қосады. Атасы немесе әкесі тазалаған жерде немерелері, балалары ойнайды.
Осы орайда жекеменшік тұрғын үй кооперативтеріне де айтылар сын көп. Аула сыпырушыларының анда-санда үй алдын сыпырып кеткеннен басқа жұмысын көрмейміз. Коммуналдық қызметке ай сайын келіп тұратын түбіртекке қарасаң, айына мың теңгедей «КСК-ға төлейсіз» деп тұрғаны.
Сосын тағы бір мәселе, бірер жыл бұрын көпқабатты үйлердің аулалары, айналасы біршама ретке келіп, балалар ойнайтын алаңшалар ашылды. Үйдің алды- артына орындықтар қойылды. Қазір соның көбі қирап қалған. «Жау» сырттан келген жоқ, оны бүлдіріп, кәдеге жарайды-ау деген ағаштарын қала тұрғындарының өздері алып кеткен, тіпті, үй сыртындағы орындықтардың орны да қалмаған. Тұңғыш Президент саябағының іргесіндегі «Айнабұлақ» аялдамасының жанынан 2020 жылы «Дара» қайырымдылық қоры мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап «Инклюзивті ойын алаңын» ашып берді. Ересек балалар, тіпті, үлкендерге дейін тағдырдың талқысына түскен балғындарға арналған ойын алаңынан шықпайтын. Бүгінде тозып кетті.
Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында азық-түлік қалдығын төгетін контейнерлер бар. Үйден шыққан соң 15-20 метр жерге бармай, есік алдына ас қалдығын төге салатындарға не дерсің. Көбіне балалар солай жасайды. Ата-ана тарапынан балаға ескерту жоқ. Көктем шықты, ас қалдығының иісі мұрын жарады, тіпті одан ауру тарап кетпесіне кім кепіл?
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков жыл басында «Aq jol» газетіне берген сұхбатында: «…Тағы бір мәселе – қала тіршілігімен танысып, талдау жасағанымда, аулалардағы балалар алаңшасына да назар аудардым. Есептеп қарасақ, бүгінде қала бойынша 200 алаңша қажет екен. Әрине, оны бір жылда шешу мүмкін емес. Үш жылдық даму жоспарында бюджет есебінен жыл сайын 25 алаңша салу көзделген. Сонда үш жылда 75-і салынады деп отырмыз. Ол заманауи үлгіде, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай салынады. Мәселен, 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың ойнайтын жері әртүрлі ғой. 12-14 жасар бала сырғанап ойнамайды, сондықтан осы мәселеге де көңіл аударып отырмыз», деді. Сондай- ақ, қала әкімі немерелерін сыртқа алып шыққан қарт кісілер, басқа да демалушылар үшін «беседка» орнатуды да қолға алатындарын жеткізген.
Қала тұрғындарының жайлы өмірі үшін қазынадан қаржы бөлініп, осындай жағдай жасалып жатса, оны да талқандап тастамасын деңіз. Әрбір тұрғында «Тараз – туған қалам» деген сезім болмай, қалалық әкімдік облыс орталығын қанша көркейтеміз, көгерішпен көмкереміз дегенмен, еш жоба өміршең болмайды-ау. Мұндайда, адамға сана берсін дейміз ба…
Тұңғыш Президент саябағының іргесіндегі 2-ші шағынаудан, 9-шы үйде кішігірім бір ауылдың халқындай адам тұрады. Қайбір күні, осы үйдің үшінші кіреберісінің бірінші қабатында тұратын екі көршім, тағы бір көршіміз сатып әкелген бояумен есік алдындағы орындықтарды жалтыратып сырлап қойды. Тіпті, артылғанын үйдің басқа тұрғындарына беріп, олар да кіреберістерінің алдындағы орындықтарды жаңартып алды. Көпқабатты үйлерде тұратын тараздықтардың бәрі осылай мүмкіндіктерінше ауласын ретке келтіріп отырса, шіркін.
Амангелді Әбіл, Ақ жол