Техникалық мамандықтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапары барысында №7 Бетқайнар колледжіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Өңір жастарына техникалық және кәсіптік білім беретін колледжде бүгінде 556 студент оқиды.
Мұнда «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» сынды мамандықтың төрт түрі оқытылады.
Аймақ басшысы ең алдымен ауыл шаруашылығы техникаларын көріп шықты. Оқу орнының директоры Гүлнәр Әлімбаева колледжде «John deere», «Енисей» комбайндары, «MTЗ-80», «deutz fahr» тракторлары, камаз, экскаватор, соқа, дән сепкіш сынды барлығы 20 техника, 3 виртуалды тренажер барын айтты.
Айта кетейік, білім ошағы “Жас маман” бағдарламасы аясында толықтай заманауи техникалармен, құрал-жабдықтармен қамтылған.
Облыс әкімі колледж базасындағы дәнекерлеу және жүн түтетін цехтың жұмысымен танысып, шырынды лимон өсірілетін жылыжайды да көрді.
224 шаршы метрді құрайтын жылыжайда жылыту, сумен қамту жүйелері жүргізілген. Мұндағы 40-тан астам лимон түбі өткен жылы жарты тонна өнім берген. Алдағы бір-екі жылда жылдық өнім бір тоннадан асады деп күтілуде.
Колледж әкімшілігі “Жылыжай ісі” мамандығын ашуға ниетті.
Сондай-ақ, қазіргі таңда 50 бала тұратын жатақхананы күрделі жөндеуден өткізуге қолдау білдіруді сұрады. Нәтижесінде, жатақхана сыйымдылығы 200 орынға дейін артпақ.
Келесі кезекте облыс әкімі студенттердің өз қолымен жасаған колөнер бұйымдарын, этно стильде тігілген киім үлгілерін тамашалап, жас шеберлердің жұмысын оң бағалады.
Білім алуға ынталы жастарға бұл жерде барлық жағдай жасалған. Нұржан Нұржігітов оған әр кабинетті аралау барысында толық көз жеткізді. Мәселен, комбайн және трактор тренажері кабинетінде студенттер виртуалды түрде техниканың тізгінінде отырып, жер жыртып, астық жинап, егін шаруашылығының қыр-сырын үйренеді. Ал ауыл шаруашылығын механикаландыру кабинетінде виртуалды тренажердің көмегімен трактор тораптарын дұрыс жинауды үйренсе, дәнекерлеу ісі кабинетіндегі тренажер-симулятор білімгерлерге дәнекерлеу процесінің дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі колледж басшылығының ұсыныстары мен көтерген мәселелерін шешу бойынша жан-жақсы жұмыстар жүргізілетінін атап өтіп, кәсіптік оқытудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта барынша қолдау болатынын жеткізді. Колледж түлектеріне өз кәсібін ашу үшін гранттар мен шағын несие беру мүмкіндіктерін қарастыру бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Бұдаң соң аймақ басшысы “Кенен береке” ауыл шаруашылығы коперативінің жұмысымен танысты.
“Ауыл аманаты” жобасы аясында өткен жылдың аяғында құрылған құрылым басшысы Алмас Әбдімәлік құны 56,0 млн. теңгені құрайтын 9 дана техника алғанын жеткізді.
Жалпы жобаға Кенен ауылдық округіндегі 448 ауда қатысады деп жоспарланған.
Бүгінгі күнге жалпы 453 млн. 700 мың теңгеге 105 өтінім тапсырылды. Оның 80 адамы 415 млн. 290 мың теңгеге келісім шартқа отырған десек, 60 адам 330 млн.750 мың теңге қаржысын алып үлгерген.
Облыс әкімі жоба аясында тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырып қана қоймай, өнім көлемін еселеу керектігіне де назар аудартты. Округтегі әлеуметтік мәселелерді де кешенді түрде шешу қажеттілігіне көңіл бөлді.
Жамбыл облысы әкімдігі