АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА АУДАНДЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Бүгінгі таңда дені сау ұлттың болашағының зор екені баршамызға аян.
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалуда.
Ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлініп келеді.
Оның ішінде аудан ардагерлері арасында спорттық жарыстар тұрақты ұйымдастырылып отырады. Ардагерлеріміздің сүйікті спорт түрлерінен бақ сынасуына мүмкіндік жасап, жарыстар өткізу дәстүрлі түрде жолға қойылған.
Спортсүйер аға-апаларымыздың жарысқа құлшыныспен келіп, қатысып жатқаны көңіл қуантады.
Бұл жақсы бастама.
Өйткені, спорттық шаралар біріншіден, ардагерлерге күш-қуат берсе, екіншіден, жас ұрпаққа үлгі өнеге.
Бүгін Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 78 жылдығы және Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай, аудан ардагерлері арасында спорт түрлерінен аудандық спартакиада өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы Үйсінбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған жарыстың маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Тараз қаласынан арнайы келген Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қонысбай Ильясов сөз сөйлеп, жарыстың ашылуымен құттықтады.
Аудандық спартакиадаға 9 команда қатысып, бақ сынады.
Жарыс шахмат, дойбы, нысана көздеу (дартс), үстел теннисі, асық ату, тоғызқұмалақ, бильярд, ләңгі сияқты спорт түрлерінен өтті.
Тартысты өткен жарыста Байқадам ауылдық округінің командасы 1-ші орынды, Жаңаарық ауылдық округінің командасы 2-ші орынды, Жайылма ауылдық округінің командасы 3-ші орынды иеленді.
Командалық есеп бойынша жарыс жеңімпаздары және жекелген спорт түрлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан медальдармен, дипломдармен, заттай және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі