Төлеуханның төрт еңбегі
Әрине, байыпты басшылығымен, жемісті жетекшілігімен әр өңір, әрбір аймақтың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлкен үлесін қосқан айтулы азаматтар жетіп артылады. Оларды ең алдымен қарапайым халық ұнатады, ұмытпайды, әрдайым жанды ерітетін, елжірететін жылы лебізі мен ыстық ықыласын бүкпей білдіреді. Ал, елдің алабөтен құрметіне бөлену, шынымен сыйлы, қадірлі атану әлімсақтан оңай болмаған, әлі де жеңіл емес. Төлеухан Оспанбековке келгенде де осындай орнықты ойдың жетегіне еріксіз еріп жүре беретініміз анық.
Бірінші еңбегі – алтын өндіретін «Ақбақай кен байыту комбинатын» қаймықпай басқаруға барып, Қазақстан қазынасының молаюы жолында тер төгуі. Кешегі Кеңес өкіметі «Кадр бәрін шешеді» дейтін қағиданы берік ұстанатын. Бұл дұрыс саясат еді. Себебі, қандай кәсіпорын, өндіріс болмасын, істің ілгері басып, көл-көсір пайда әкелуі әуелі бірінші басшыға, оның жоспар-жобасына, соған сай әрекет-қимылына байланысты. Жамбыл облыстық партия комитеті химия бөлімінің меңгерушісі, Жаңатас қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, өнеркәсіп саласында талай өткелектен өткен, өндірісте әбден ысылған, тәжірибесі молайған Төкеңді Ақбақайға жіберерде облыс әкімі Өмірбек Байгелді бұл азаматтың сенім үдесінен шығарына еш күмәнданған жоқ.
Одақ ыдырап, тәуелсіздік туын көтергенімізбен, о тұста жағдай жаппай нашарлап кеткені жасырын емес. Қиындықтың ауыр бұлты облыстағы жалғыз алтын өндірісінің басына да түнере төніп тұрған еді. Бірден «бүтін билікті» қолына алып, батыл қимылдады. Ең алдымен қожырап кеткен өндірістік жұмысты жөнге келтіріп, одан әрі жаңаша жұмыс қалпын қалыптастыруды басты міндет етіп қойды. Бұл үшін бірінші кезекте қатаң тәртіп болуы тиіс, білікті кадрлар, кен өндіру ісін, күрделі техника тілін жетік білетін кәсіби мамандар керек. Сонымен, Төлеухан аға өмірінің ең бір мазасыз, бірақ, маңызды кезеңі басталып жүре берген. Иә, білімді басшы, білгір өндірісшінің Ақбақайдың абыройын арттыруға арналған ерен еңбегінің арқасында керемет ұйымдастырушылық қабілетінің, ұжымды соңынан ерте білетін көшбасшылық қасиетінің нәтижесінде комбинаттың «беті бері қарады». Ақсап қалған алтын өндірісінің бағы ашылып, кенді өңірдің атағы алысқа жайылды.
Мойынқұм аудандық газеті комбинаттың тыныс-тіршілігін үзбей жазып тұрды. Кейде тілшілерді жіберетінмін. Кейде өзім баратынмын. Осы орайда мынадай жағдай есіме түсіп отыр. Бір жолы Төкең «Сен енді шахтаға түс, – деді маған сынай қарап, – Жердің үстімен ғана емес, астымен де жүріп өтпейсің бе?!» Мен алдында тартыншақтадым, шынымды айтсам, қорықтым. «Әй, өзің бір қызық жігіт екенсің, – деді тағы да намысымды қайрай түскен ол. – Бәрін де көзіңмен көресің ғой!».
Ақыры 800 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, онда кеншілердің өз үйіндегідей еркін жүргенін көріп, қорқынышым басылды. Содан көлденеңінен үңгілген белдеуменен ілгерілеп, жүз-екі жүз адымнан кейінгі кен жыныстарынан жарқыраған алтын жүлгелерді көргенім, шахтерлердің еңбегіне аса риза болғаным әлі жадымда. Айтқандай, сол шахта бастығының (аты-жөнін ұмытыппын) әңгімесі де ойымда қалыпты. «Кезінде Өскемен жақтағы әртүрлі кен орындарындағы шахтада инженер болғанмын. Кеңес өкіметінің күні батқан соң көп жұмыс тоқтап, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткендей күй кештік қой. Мен де Алматыдағы бір кәсіпорыннан «нан тауып» жүргенмін. Бірде ауруханаға түсіп қалдым. Шығуыма аз күн қалған, палатама келбеті келіскен, батыр тұлғалы жігіт кіріп келді де, ай-шай жоқ «Пәлен деген азамат сізсіз бе? Әңгіме бар!» деп бірден сөздің төтесіне көшті. Яғни, біреуден естіп мені әдейі іздеп келгенін, Ақбақайдағы алтын өндірісіне мамандар жетіспей жатқанын, бірақ, ол жақта 362 күннің 300 күнінде жел, боран соғатынын, қысының аса суықтығын, жазының аптап ыстықтығын сөз ете келе, сол жаққа баруым керектігін, айлығымның жақсы болатынын бастырмалатып айтты. «Ертең ауруханадан шығамын, ойланайын» деп едім, «Ойланатын түгі жоқ, болды, бітті!» деп бір-ақ кесті. Келесі күні ауруханаға қайта оралып, алды-артыма қаратпай Ақбақайға алды да кетті! Бұл қазіргі басшымыз Төкең еді. Содан бері, міне, шахта бастығымын».
Иә, бұл Төлеухан аға, ол әрдайым осылай батыл қимылдайды, тез шешім қабылдайды.
Екінші еңбегіне Мойынқұм ауданы әкімі кезіндегі тірліктерін жатқызар едім. Төкең туған ауданын басқаруға жай келген жоқ, ерекше екпінмен, үлкен сеніммен келді. Мұнда да жұмысты тәртіптен бастады. Өзінің өр мінезімен орынбасарларын, мекеме, кәсіпорын, ұйым басшыларын жылы кабинетте көп отырғызбай, жүгіртіп жұмыс істетті. Ел еңсесін тіктер, тұрмыс көтерер өзге де жұмыстардың көзін тапты. Осылайша, халыққа жақты. Мойынқұмдықтар оның барлығын әлі күнге жыр ғып айтады! Әлбетте, бәрін жалғыз өзі істеген жоқ. Көп мәселені ауданның әртүрлі деңгейдегі басшыларымен, белсенді азаматтарымен, туған ел жанашырларымен ақылдаса, кеңесе отырып бірге шешті, бірлесе атқарды.
Төлеухан ағаның облыс орталығындағы «Тараз су» мекемесіндегі жұмысын да ерекшелеп айтуға болады. Ол кісі тізгінді қолға алғанда бұл мекеменің шаруасы шатқаяқтап, жұмысы өнбей тұрған-ды. Төкең мұнда да өзінің жедел шешім қабылдайтын әдеттегі әдетімен іске батыл кіріскен. Ақыры, қысқа уақыттың ішінде қала тұрғындары алдында «Тараз су»-дың маңдайын жарқыратты.
«Құрмет» орденінің иегері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, техника ғылымдарының кандидаты Төлеухан аға Оспанбековтің төртінші еңбегіне өз басым кісілік келбетінің келістілігін, әманда адамдықтың ақ жолын ұстанатындығын, ақ сөйлеп, адал жүретіндігін, кемшілікке кеңшілік, олқылыққа орын бермеуге күш салатындығын, өтірік көлгірсімей анығын, жөнін ашық айтатын тік мінезділігін, ел-жұрттың мүддесі, халықтың жағдайына келгенде бетің бар, жүзің бар демей ашық алаңға «айқайлап» шығатын турашылдығын жатқызар едім.
Осы тұста тағы бір оқиғаны келтіре кетудің жөні келіп тұрғандай. Барлық әкімдердің халық алдында есеп беруге міндеттелгені мәлім. Төкең де аудан басшысы ретіндегі алғашқы есебіне өте мұқият дайындалды. Мені кабинетіне шақырып алған. Ол кісі ары-бері ойлана жүріп, ойын ауызша айтады, мен жазамын. Яғни, «диктовка» жасайды. Сонда Төлеухан ағаның білімділігіне, логикасының жүйріктігіне, қиялының ұшқырлығына таңғалғанмын. Бір күннен соң өзінің айтқанымен жазғанымды асықпай оқып шығып әкімдік бөлімдерінің мәліметтерімен толықтырып, сол күйінде газетке басқанбыз. Сол жолы Төкеңнің сөзге шешендігін бұрыннан білсем де, жазуға да бейімі бар екеніне көз жеткізіп едім.
Ақжарма тілегімен, ақ ниетті жүрегімен, туған елі мен жеріне сіңірген ақ-адал еңбегімен, қара қылды қақ жарар әділдігімен, айнымас ақиқатшылдығымен төредей төрден орын алған Төлеухан аға, жасай беріңіз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі