Қара бала мен қара қазанның қамы
Жастарды шетелде қара жұмысқа жегілуге мәжбүр етіп отыр
«Оңтүстік Корея еліне барсаңыз, табысты күреп табасыз» деген сөзге елітпегендер аз. Айлығы шайлығына жетпеген соң, елдегі бар тіршілігін жиып қойып, шекара асқандардың арасында жамбылдық Мөлдір Қуантайқызы да бар.
Бара сала, Инчхон қаласындағы жергілікті асханалардың бірінде бас аспаздың көмекшісі болған ол сол кезде әр ай сайын 1 миллион теңге көлемінде табыс тауыпты. Бірақ, бір жылдан соң оның Хангук елінде заңсыз жүргені әшкереленіп қалады. Алғашында бір ай ғана жарамды туристік визаға қол жеткізіп, шекара асып, заңбұзушылыққа барған бойжеткен «онда отандастарымызды көптеп кездестіруге болады» деп отыр. Олардың бәрі дерлік елдегі күнкөріс көзіне көңілі толмай, шарасыз шетелге кету туралы шешім қабылдағандар екен.
– Бірер жыл бұрын қомақты қаражат табу үшін Оңтүстік Корея Республикасының Инчхон қаласына барып, жұмыс істедім. Ол кезде барып-қайту билетінің бағасы 240 мың теңге еді. Ұшаққа билетті алдын ала алған соң арзанға түсті. Осылайша, ата-анамнан рұқсат сұрап, аттанып кеттім. Негізі, онда әкемнің Ербол есімді інісі тұрады. Бұл маған үлкен жеңілдік болды. Ағам мен бармай тұрып жұмысты да, жатын орынды да дайындап қойды. Әр ай сайын пәтерақыға теңгеге шаққанда 60-70 мың теңге көлемінде қаражат төледім. Әдетте, бұл елді көпшіліктің жүрегін жаулаған мемлекет деп айтады ғой. Мәселен, өте қауіпсіз әрі ең таза ел деп мақтайтындар көп. Тіпті, нәзікжандылар қауымы түнгі уақытта қаланың сырт жағындағы аудандарда жалғыз өзі қорықпай серуендеп жүре береді дегенді құлағым шалды. Барғанда сол сөздің бәрі шындық екеніне көзім жетті. Мен тұрған үш қабатты тұрғын үйде барлық жағдай жасалған болатын. Лифті бар, ауласы тап-таза және тыныш. Ал, пәтерден жаныңа керектінің бәрін табасың.
Жалпы, Кореяға баруға қолайлы кез – көктем және күз мезгілі. Көктемде шие гүлдеп, күзде ағаштардың жапырақтары сарғайып, төңірек ерекше түске еніп тұрады екен. Мен барғанда қараша айы еді. Бірден жұмысқа орналасып, алғашқы айда 700 мың теңге жалақы алдым. Қазақстанда мұндай жалақы таба алмайтыным белгілі ғой. Уақыт өте пәтерақы, күнделікті ас-суымды, өзге де қажеттіліктерімді есептемегенде, ауылдағы ата-анама 1 миллион теңге аударып отырдым. Бұл елде аударым жасау да өте оңай. Мобильдік бағдарламаның бәрі егжей- тегжейлі ойластырылып жасалған. Оңтүстік Корея еңбек мигранттары көп келетін ел болған соң, осындай мүмкіндіктерді жасап қойған.
Өкінішке қарай, бір жылдан соң өтірігім ашылып, құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түстім. Өйткені, бастапқыда тек бір айға ғана жарамды туристік виза алғанмын. Кейін оның уақытын создыртуға және жұмыс визасына ауыстыруға құлқым болмады. Себебі, жұмыс визасын алу ұзақ уақытты әрі мол қаражатты талап етеді. Сондықтан, мен одан бас тарттым. Заңды бұзғанымды біле тұра, тәуекелге бел будым.
Дәл осыным қателік болыпты. Шекара асқаныма бір жыл толғанда, яғни, келесі жылдың қараша айында полиция бөлімшесінен бір-ақ шықтым. Негізі, мен қазақтар көптеп қоныстанған ауданда тұрдым. Кейінірек менің соңыма шам алып түскендер өз қандастарымыз екені белгілі болды. Әрине, өз басым замандастарымды заңды бұзуға үгіттемеймін. Десе де, ел азаматтарының мұндағы жалақыға наразы екені өтірік емес. Мәселен, дәл қазір менің айлық табысым 120 мың теңге. Міне, осы себепті жастардың басым бөлігі жақсы жалақы алу үшін, отбасын асырау үшін сыртқа кетуге мәжбүр, – дейді Мөлдір.
Айта кетейік, Корей елінің қолданыстағы заңына сәйкес, полицейлерге ел ішінде рұқсатсыз жүрген азаматтар жөнінде ақпарат берген жанға 1 миллион вон сыйақы беріледі. Мұны теңгеге шақсаңыз 300-350 мың теңгенің көлемі. Сыйақыға қызыққандардың ісі ме, әлде тағы біз білмейтін себептер болды ма, осылайша біздің жерлесіміз және онымен бірге жұмыс істейтін қызылордалық қыз бір-ақ сәтте құрықталыпты. Олардың құжаттарын талапқа сай заңдастырмағанын білгендер әу баста-ақ қос қазақ қызына екі түрлі визаны ұсыныпты. Тарқатып айтсақ, ұсыныстың бірі – Қазақстан азаматтығынан бас тартып, кіндік қаның тамған өлке туралы жағымсыз ақпарат беру болса, кейінгісі сол елдің азаматына тұрмысқа шығу туралы кеңес екен. Әйтсе де, ерте ме, кеш пе елге қайтатынын іштей түсінген қыздар бұған келіспепті. Тойған жерін емес, туған жерін таңдаған олар ақыры 10 күннен аса абақтыға қамалып, әупірімдеп туған жерге оралады. Енді екі бойжеткенге 3 жылға дейін Корей еліне баруға тыйым салынып отыр.
«Жарты жылдық табысымыз –
12 миллион теңге»
Қомақты табыс табамын деп шетел асқандардың тағы бірі – жуалылық жас жігіт Рүстем мен келіншегі Жанерке. Олар өткен жылы ағылшын елінде еңбек етіп келді. Бірақ жас жұбайлар ешқандай заңды бұзбай, жұмыс визасымен барған. Бас-аяғы үш айдың ішінде қажетті құжаттарды рәсімдеп, Ұлыбританияның Манчестер қаласының маңындағы жылыжайда жемісті жұмыс істеген. Отыз жастағы ер азамат тұманды Альбиондағы жұмысты ғаламтор арқылы тауыпты.
– Облыс орталығындағы жоғары оқу орнының бірінде «Биология» мамандығы бойынша білім алдым. Жасыратын несі бар, өз мамандығыммен жұмыс істеген жоқпын. Себебі, бізде жас мамандарға жақсы жалақысы бар жұмысқа орналасу екіталай. Тіпті, қаншама жылдық еңбек өтілі бар азаматтардың табысы отбасын асырауға жетпей жатады. Оқуды аяқтаған соң түрлі жұмысты істеп көрдім. Келіншегім екеуміз шағынаудандардың бірінен кішігірім азық- түлік дүкенін де аштық. Сонда да табысымыз арта қоймады. Бір күні интернет арқылы «Агропрактика» сайтын көзім шалды. Зерделей келе, осы сайт арқылы шетелге барып жұмыс істеуге болатынын білдім. Уақыт өте ағылшын елінде жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті. Әр ай сайын қанша қаржы төленетінін білген соң, бірден келістім. Жұбайым екеуміз Манчестер қаласының маңындағы жылыжайда еңбек еттік. Жарты жылдық табысымыз – 12 миллион теңге. Ал, пәтерақы мен күнделікті ішіп-жемге 147 мың теңге ұстап қалып отырды. Алғашында тіл білмейтініміз қиындық туғыза ма деп алаңдағанымыз рас. Сөздіктерді парақтап жүріп, қарапайым сөздерді, тілдесуді үйреніп алдық. Жұмыста тәртіп, талап қатаң. Таңғы сағат 8-ден кешкі 18.00-ге дейін. Байқағаным, ондағы халықтың басым бөлігі қара жұмысты істеуді құп көрмейді. Сондықтан, жұмысшы табы көбінесе сырттан келеді. Әсіресе, Украина елінен келгендердің қатары көп. Ал, біз, қазақтар үш отбасы болдық. Екеуі – Тараздан, біреуі – Байқоңырдан. Бұл елдегі жұмыс визасы 6 айға ғана жарамды. Сол себепті, биыл ақпанда елге оралдық. Бұйырса, тамыз айында сол елге қайта барып жұмыс істесек деп жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Әлеуметтік мәселе шешілмейінше, жастар елде тұрақтамайды
Былай қарасаңыз, қайда жүрсе де, адал еңбекпен табыс тапқанның еш айыбы жоқ секілді. Алайда, экономист Қайрат Оразымбетов мемлекет оқытқан мамандар өз білімі мен тәжірибесін елімізді көркейтуге арнамаса, ел экономикасына төнетін қатер көп екенін айтады. Маман бұл түйткілді шешу үшін «елде ең алдымен жұмыссыздық мәселесі шешілуі тиіс» деген пікірді алға тартты. «Шетелдегі қара жұмысшыларға төленетін айлық жалақы біздегі білікті мамандардың табысынан жоғары болуы қиындық туғызуда», – дейді ол.
– Ел ішінде жұмыссыздық мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Мұның басты себебі – маман даярлауда еңбек нарығындағы сұраныстың ескерілмейтіндігі. Жастар бір жағынан тәжірибе жинау мақсатында, екіншіден, жоғары жалақы алуды көздеп шекара асады. Ал, тіл білетін мықты мамандарды елде ұстау қиын. Көптеген дамыған елдердегі күнкөріс деңгейі біздің елден әлдеқайда жоғары. Соған сәйкес, ондағы жұмысшыларға төленетін қаражат көлемі де ауқымды. Меніңше, уақыт талабына сай өмір сүру деңгейін көтеру қажет. Мәселені тез арада шешпесек, шетелге жұмыс іздеп кететін жастарымыздың саны арта бермек. Мемлекеттік тұрғыдан алсақ, азаматтарымыздың сыртқа кетіп жұмыс істеуі бізде еңбек күшіне деген сұраныстың аздығын аңғартады. Басты себеп – жалақы. Жерлестеріміз көп қаржы табу үшін, тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін шетел асып кетіп жатыр. Сондықтан, өзге елдердегі отандастарымызбен байланыс орнату, олардың қиындықтарын анықтау және мүмкіндігінше қол ұшын беру мәселелерін қолға алу қажет. Бұған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлетін уақыт жетті. Сонда ғана ел азаматтары туған жерін гүлдендіру жолында аянбай еңбек ететіні сөзсіз, – дейді Қайрат Мұқанұлы.
Жәрмеңке жұмыссыздық мәселесін шеше ала ма?
Былтырғы статистикаға сүйенсек, өңірімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құраған. Ал, биылғы алғашқы тоқсанда 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында облыста 35 жасқа дейінгі 4385 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Нақтылай түссек, 1402 адам ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 848 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бұдан бөлек, онлайн оқытуға – 388, жастар практикасына – 502 және алғашқы жұмыс жобасына 99 жас жолдама алған.
– «Бизнес Бастау» жобасы шеңберінде 998 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберіліп, оның 33-і қайтарымсыз грант алды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамтуға да баса мән беріліп отыр. Жыл басынан бері 509 мүгедек азамат жұмысқа орналастырылса, олардың 89-ы – жастар. Қазіргі таңда әлеуметтік мәртебесі толық анықталмаған Тараз, Шу қалалары мен Т.Рысқұлов ауданындағы 10357 жастың әлеуметтік мәртебесін анықтау үшін адрестік талдау жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың сәуір айына дейін облыс аумағындағы қала және аудандарда 21 жәрмеңке ұйымдастырылды. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 520 жұмыс беруші мекеме қатысып, 1474 орынға жолдама ұсынылды, – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Әлия Сапашева.
«Жайлы ел іздеп кетті деп…»
Парламентте сыртқы көші-қон мәселесі жиі талқыланады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, сыртқа кеткен азаматтардың ең жоғарғы көрсеткіші 1989 жылдан бастап 1996 жылға дейінгі кезеңде тіркелген екен. Сол жылдан бастап 2016 жылға дейін бұл көрсеткіш біршама тұрақталған. Бірақ, соңғы 2-3 жыл көлемінде шекара асушылар саны қайта көбеюде. Облыстық полиция департаментіне бағынысты көші-қон қызметі басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр 784 жамбылдық ел аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін өтініш берген. Басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жарас Сәтбергенов өзге елге қоныс аударғандардың басым бөлігі Ресей Федерациясына, өзгесі Германия, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан мемлекеттеріне көшкенін айтты. «Биыл 3 айда 92 азамат тұрақты тұру үшін шетелге кетті. Оның 42-сі – Ресейге, 23-і – Қырғыз еліне және 12-сі Германияға қоныс аударды. Өзгелері Әзербайжан, Ұлыбритания, Грекия, Түркия, сондай-ақ, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттерін таңдаған», – деді Жарас Жақашұлы.
Шын мәнінде, бұл көші-қон саласының мәселесі ғана емес. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік әл-ауқатымен, адами капиталдың бағасымен тікелей байланысты үлкен проблема. Шетелде өмір сүруді, білім алуды әрі жұмыс істеуді қалайтын әулиеаталықтарды «жайлы жер іздеп кетті деп» кінәлауға да болмас. Себебі, жұмыссыздық мәселесі шешімін таппаса, ішкі көші-қон мәселесін реттеу туралы айтудың өзі артық.
Біздің байлам:
Еңбек нарығы мемлекеттердің өз аумағымен шектелмейтіні айқын. Ақпараттық кеңістікте ашықтық барда, еңбек миграциясында шекара жоқ. Бұл күнде шетелдіктердің біздің елде де емін-еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Бұған Еуразиялық экономикалық одақ та мүмкіндік беріп отыр. Әйтсе де, ең алдымен ел халқының әлеуетін көтеруге күш салуымыз қажет. Олай болмаған күнде, жақсы жалақы іздеп, сыртқа телміретіндердің саны кемімейтіні белгілі. Еңбегін пұлдап, мал табудың жолында жүрген қазақстандықтардың өзге жұрттағы қауіпсіздігі өз алдына бөлек тақырып. Шетелге ерігіп кеткендердің жөні бір бөлек шығар, ал, елден еріксіз кетіп жалдамалы жұмысшы атанғандардың ертеңін кім ойлайды?
Есен ӨТЕУЛІ