Жылыту маусымына дайындық қалай?
Өткен қыс айлары әулиеаталықтар үшін оңайға соқпағанын ескерсек, «кәрі құданың» қаһарына төтеп беру жан-жақты дайындықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Олай болса, алдағы қысқы маусымға әзірлік барысы қалай? Жергілікті билік, жауапты мекемелер қыстың қамын қазірден ойластырып жатыр ма? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев шаһарды жылыту маусымы дайындау мақсатында сынақ кезеңі басталатынын жеткізді. Айтуынша, жылу желілерін сапалы сығымдау мақсатында толық 30 күн қажет.
– Бұл кезең бізге жазғы-күзгі кезеңдегі сынақтар кезінде анықталған жылу желісінің ақауы бар учаскелерінде жоспарлы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Сынақ кезінде жүзден астам ақау анықталса да, оларды жаз мезгілінде уақтылы жойып, жылыту маусымына толық сенімділікпен кіруге мүмкіндік береді. Сынақ барысында анықталған магистралдық желілердегі ақаулы учаскелер жедел оқшауланып, жөндеу- қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ал, ішкікварталды желілердегі ақаулар көппәтерлі тұрғын үйлердің және әлеуметтік маңызы бар тұтынушылардың саны ең көп тармақтарға басымдық бере отырып кестеге сәйкес жойылады, – деді Нұрбол Бекежанұлы.
Сондай-ақ, спикер өткен жылдың басында жылу желілерінің тозуы 69, 2 пайызды құрағанын жеткізді. Оның ішінде, магистралдық – 53,9, ішкі кварталдық – 71,1 пайызды құрапты. Бүгінде «Таразтрансэнерго» кәсіпорны жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында М-1, М-3 магистралдық 8 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуде. Ал, сараптаманың қорытындысы осы жылдың мамыр айында алынса, әрі қарай республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімге ұсынылмақ.
Есен ӨТЕУЛІ, Ақ жол газеті