Құландағы ерекше концерт
Тұрар Рысқұлов ауданы талай таланттардың туған жері. Олардың қатарында актер да боксер да, әкім мен ақын да, қаламгер мен әнші де бар . Солардың бірі әрі бірегейі -Жаңбыршы Үсейінов. Кезінде «Таң самалы» ансамблін құрып, Алматыда концерт берген композитордың 40-тан аса әндері ел ішінде кең таралып, үлкен сахналарда орындалған. Бүгін талантты азаматтың қызы Ардақ Үсейінова әке мұрасын насихаттау мақсатында «Сағыныш-2» атты ән кешін өткізді.
Үлкен сахналарда талай кешті көріп жүрміз ғой, бірақ бүгінгі кеш өз көрерменінің есінде ерекшелігімен қалатын болады. Аядай ауылда басталған тойдың қызықтары сонау 80-90 жылдардың мамыражай күндерін көз алдымызға әкелді. Кеште орындалған әрбір әнге кіріспе ретінде құрылған композицияның тосын басталуы, бір линяда өрбуі, соңғы нүктесінің әкеге деген құрметпен аяқталуының өзі шеберлік пен ізденістің көрінісі болды. Ретро стиль, сұхбаттар, естеліктер мен өлең шумақтары өзара үйлесіп, күміс көмей жез таңдай әншілер тамаша кеш сыйлады. Ауыл деген әркімнің жүрегіндегі балалық бал дәуренге деген сағыныш қой. Сахнадағы риквизиттер әрбір жанның жүрегіндегі естеліктерін қайта оралтты.
Осылайша бүгін Құланның аспанында ән қалықтап, азаматтың аты ел есінде қайта жаңғырды.
Гулбаршын Куланбаева