Өзара байланыс нығаяды
«Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Қызылжар өңіріне іссапармен келіп, облыстың жаңа әкімі Айдарбек Сапаровпен кездесті.
Кездесу кезінде Сәуле Мешітбайқызы 30 жылдық тарихы бар халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен 20 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Мөлдір бұлақ» журналының қалыптасқан жағдайы жайында қысқаша әңгімелеп, аталмыш басылымдардың Солтүстік Қазақстан облысымен байланысы жайлы айтып берді. Серіктестік директорының айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан игілікті істер газеттің назарынан тыс қалып көрген емес. Редакцияның Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Аманат» партиясымен бірлесе жүргізген «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициялары елді мекендердің тыныс-тіршілігін, оңтүстіктен теріскейге қоныс аударған отбасылардың өмірін өзекті мақалаларына арқау етіп келеді.
Өткен жылғы «Мөлдір бұлақ» журналының тамыз-желтоқсан айларындағы сандарында облыс орталығындағы 6 мектеп пен 3 ауылдық мектеп оқушыларының әңгімелері, жырлары, суреттері, ғылыми жобалары, танымдық материалдары жарық көрді, жас оқырмандарды Қызылжар өңірінің киелі жерлерімен таныстырды.
Әңгіме барысында бұл үрдісті биыл да жалғастыру жайы келісілді. Пікір алысу кезінде газет бетінде Айғаным Сарғалдаққызының туғанына 240, қайтыс болғанына 170 жыл толуына орай жарық көрген материал жайлы да сөз қозғалды.
Өңір басшысы Айдарбек Сапаров газеттің облыс тынысын танытудағы еңбегіне ризашылығын білдірді, ал Сәуле Мешітбайқызы облыстың жаңа әкіміне мерекелік «Намыс қайрағы» және «Ұлт шырағы» кітаптарын тарту етті.