Өңір басшыларымен іскерлік кездесулер

Газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы наурыз айының 14-де Маңғыстау облысында өткен Амал мерекесіне қатысып қайтқан болатын. Осы сапарында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болып, әңгімелескен еді. Ол кездесулерде әрқилы мәселелер де, келелі әңгімелер де қозғалды.

Бұл жолы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, танымал журналист, оқырманы «Ел анасы» атандырған Сәуле Мешітбайқызы 3 сәуір күні облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қабылдауында болды.

Журналиспен жүздесуге БҚО әкімінің аппарат басшысы Абат Шыныбеков пен Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов та қатысты.

Кездесу барысында облыс әкімі Елордадан келген мейманға ыстық ықылас білдіріп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі, күні кеше өткен сайлау науқаны туралы сөз қозғады. Сонымен қатар «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің атауымен таныс екенін, өңірдегі оқырмандарға да белгілі белді басылым екенін атап өтті.

Әкім мен журналист ақпараттық саланың бүгіні мен болашағы, газет-журналдардың көзі қарақты оқырман үшін маңызы жайында да әңгімелесті. Қашан да өз газетіне ғана емес, жалпы қазақ баспасөзіне жанашырлық танытып жүретін қалам иесі Сәуле Мешітбайқызы:

– Баспасөзге жазылуға мектеп мұғалімдерін мәжбүрлей алмаймыз деген желеу бар. Газет-журнал оқымаған оқытушы жас ұрпақты қалай оқытады? Педагогтың мәртебесі туралы да айтпай кетуге болмайды. Мен бұл бағыттағы өз ойымды әлеуметтік желі арқылы да бөлісіп отырамын, – деді. Бұл тұрғыда да облыс басшысының ойы да журналиспен үндесіп, әңгіме жас ұрпақ тәрбиесіне ойысты. Соның ішінде баланы жастайынан еңбекке баулу, бұл бағытта шетелдік тәжірибеге сүйену мәселелері назардан тыс қалмады. Руханият мәселесінде өңір басшысы мен қазақ баспасөзі өкілінің ой-пікірі бір арнаға тоғысты.

Жалпы «Qazaqstan dauiri» газеті батысқазақстандықтарға кеңінен таныс. Күні бүгінге дейін апталық газет бетінен аймақтағы айтулы жаңалықтарға да орын беріліп келеді. Сәуле Мешітбайқызы Ақ Жайыққа бірнеше рет ат басын бұрып, аудан-ауылдарды аралап, ел-жұрттың ахуалын зерделеп жүр. Бұл жолғы сапары облыс орталығы – Оралдан түйінделгенімен, киелі мекен туралы жазбалар қалам ұшынан төгіле берері анық.

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы

 

«ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Ақтөбеге келген сапарында облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездесті.

Емен-жарқын әңгіме барысында елдегі қазіргі жағдай, қоғамдағы кейбір түйткілді мәселелер мен қазақ баспасөзінің жайы сөз болды. Сәуле Мешітбайқызы баспасөздің қазіргі қоғамдағы рөлі туралы айта келіп, өзі басқаратын «Qazaqstan dauiri», «Мөлдір бұлақ» басылымдарында, «ЕлАна» сайтында батыстағы ең ірі өңір – Ақтөбе облысының тыныс-тіршілігі туралы тұрақты түрде мақалалар жарияланып тұратынын айтты:

– Ақтөбе – еліміздегі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өндірісті өңір. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінде «Ақтөбе – алтын бесігім» айдарымен облыста жасалып жатқан ілкімді істер, түрлі жобалар мен бағдарламалар, қарапайым еңбек адамдары туралы түрлі мақалалар, сұхбаттар жарияланып келеді. Республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналында да ақтөбелік балалардың шығармалары, облыстан шыққан балалар ақын-жазушыларының туындылары ұдайы жарияланып отырады. Осы тығыз байланысты одан әрі жалғастыруға мүдделіміз. Былтыр газетіміздің шыға бастағанына – 30 жыл, журналымызға 20 жыл болды. Екі басылымның белесін абыроймен атап өттік, – деген Сәуле Мешітбайқызы Ақтөбе облысы әкіміне «Намыс қайрағы» және «Ұлт шырағы» кітабын, газеттің 30 жылдығына арналып шығарылған төсбелгіні тапсырды.

Ералы Тоғжанов қазақтың мұңы мен жоғын жоқтап, ұлт мәселелерін көтеріп жүрген басылымның басшысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ аталған басылым мен Ақтөбе өңірі арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажеттігін айтты.

М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы