ДИПЛОММЕН ЖҰМЫС ЖАСА
Мемлекетімізде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына ел азаматтарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынып, сәтімен жүзеге асырылуда. Мысалға, 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысушы Арайлым Сабырәлі сөзге тартқан едік.
– Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдадым. Әлеуметтік желі, телеарналарлар мен газет беттерінде жарияланған ақпараттарды көріп, дипломды қолыма алып, Аса ауылындағы Халықты жұмыспен қамту орталығына бардым. Өз ісінің маманына айналған мамандар мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды ұсынды. Мен өзімнің мамандығына сәйкес тұрғылықты мекенжайым бойынша Шайқорық орта мектебіне «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жолдандым. Жылдың соңына дейін яғни 12 ай мектептен тәжірибе жинап, сабақ өткізетін боламын, – дейді Арайлым Бақытжанқызы бізбен әңгімесінде.
Өткен жылдары аталған бағдарламаның мерзімі 6 ай болса, бүгінде 12 айға ұзартылғанын айтады аудандық Халықты жұмыспен қамту орталғының маманы Гүлназ Баянова.
– Ауданымызға 396 жасты «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмыспен қамту меже болып бекітілсе, бүгінде 55 жас маман өз мамандықтарына сәйкес тәжірибе алмасуға жолданды. Диплом алған кез келген азамат 3 жыл ішінде мамандығымен еңбек өтілі жоқ, жасы 35 жасқа дейінгі мамандар бұл бағдарламаға қатыса алады. Жалақысы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Біздің есік ардайым ашық, – дейд Гүлназ Ерғалиқызы.
Жамбыл ауданы әкімдігі