Жоба аясында жүздесу
Өмірден өз жолын тапқан азаматтардың білім алған алтын ұя – мектебіне көмектесу шараларына ұйытқы болатын «Жомарт түлек» жобасы жемісті жүзеге асып келеді. Оның игілігін мектеп қабырғасында білім алып, тәрбиеленіп жүрген жасөспірімдер де көруде десек, артық емес. Мектептің негізгі мақсаты – бала оқытып, тәрбиелеу болса, жомарт түлектер тарту еткен сыйлықтар осы мұратта пайдаланылуда. Жобаны сәтті жүзеге асырып отырған білім ошақтарының бірі – Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы.
Түлектердің туған жеріне, білім алған ұясына құрмет көрсету шараларын ұйымдастыра отырып, олардың табысты өмір жолын оқушыларымызға үлгі ету мақсатындағы жобамен бірқатар іс-шаралар атқарылды. «Jambyl-tylek.kz» жобасы аясында мектеп-гимназияда 2022-2023 оқу жылында іс-шаралар жоспары жасалынып, бекітілді. Жоспар бойынша кездесулер өткізіліп отырады. Мектеп-гимназия сайтында мектеп бітірген 2400 түлек тіркелген.
Биылғы оқу жылында қыркүйек айынан бастап сынып жетекшілер мектеп бітірген түлектермен кездесуді дәстүрлі түрде жүргізіп отыр. Екінші жарты жылдықта «Аталар жолымен, ағалар ізімен» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге «Aulieata media» холдингінің тілшісі Қамар Қарасаева мен мектеп-гимназияның 2013 жылғы түлегі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкері Дидар Апбасов қатысты.
Тағы бір кездесуімізде облыс бойынша өңірлік алқасының жеке сот орындаушысы қызметін атқаратын 2008 жылғы түлегіміз Нұрлан Сейтов мектеп-гимназиямызға 42500 теңге тұратын әдеби кітаптар сыйлады. Ал, жақында 2005 жылғы түлегіміз Шариф Дильдебаев өзінің жомарттығын танытып, мектебімізге қажетті заманауи принтерді тарту етті. Ізгілікті көздеген мұндай іс-шараларымыз әлі де жалғасатын болады.
Қарлығаш ҚАПАРОВА, Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.