Жүйрік баптап, көкпар тартып, бәйге шапқан…
Тұлпардың жалына жармасып, желмен жарыса бәйгеге қатысып көріп пе едіңіз? Міне, осы сезім Жания Сатылғанова үшін өте қымбат. Ат құлағында ойнайтын бойжеткеннің жылқыға деген құрметі бөлек. Ол тізгіндеген тұлпары мен мықтымын деген шабандоздардың өзін шаң қаптырып кететіні бар. Жайында Жания көптеген ат спорты ойындарының жүлдегер, жеңімпазы.
Ауылдастары оны осы үшін «қайтпас, қайсар мінезді қыз» деп атайды. Айтса айтқандай-ақ, жылқыға деген ықыласы оны мал дәрігері мамандығын меңгеруге алып келген. Қазір ол Қамбар ата түлігін күтіп баптаумен айналысуда.
– Жылқы үстінде отырсам, қанаттанып кететінім бар. Тізгінге ие бола алмай құлап қалам-ау деген бойымда үрей қалмайды. Ат үстінде алаңсыз, еркін отырамын. Жылқы жануарының бір ерекшелігі жан дүниеңді айтқызбай-ақ түсінеді, – дейді Жания.
Шабандоз қыз 33 мәрте «қыз қууға» қатысқан. Сол ойында бірде-бір жігіт оны қуып жете алмапты. Қазір ер азаматтармен қосылып көкпар тартып жүр. «Қыз баласы тек әдемі әшекейлер мен көйлекке қызығады деген пікір қате дер едім. Көкпарға қатысқанда мен өз күшім мен төзімімді шыңдай түсем», – дейді ол. Қазір ол көкпар аттарынан бөлек бәйгеге қосар асыл тұқымды жүйрік тұлпарларды да баптаумен айналысуда.
– Менің Instagram парақшамда менің оқырманым қай жүйрікті жақсы көретінімді сұрап жатады. Мен бәрін бірдей жақсы көрем, бірақ соның ішінде «Ерке-Серім» ерекше. Ол, шынымен де, ерекше жануар, жігерлі, қайсар рухы бар. Онымен кәдімгідей тілдесу керек, сонда ғана ырқыңа көнеді. Жалпы, кез келген адам менің жылқыларға деген сезімімді түсіне бермейді. Көп жағдайда әйел адамдар таңданып, сын көзбен қарайды, «қорықпайсың ба, әйелдің ісі емес қой», дейді. Ер адамдар қызығады, қолдайды, – дейді бойжеткен.
Өзін жігерлендірген алғашқы жеңісін Жания ешқашан ұмытпайды. Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен жорға жарысында ол өзін көрсетіп қана қоймай, жеңіс тұғырынан көрінген еді. Осылайша, ол өзінің өмірлік жолын, кәсібі мен мамандығын таңдаған болатын.
– Оған дейін де бірінші орындарды жеңіп алып жүрдім, бірақ олардың барлығы аудандық деңгейде болатын. Одан да биік белестерді бағындырсам деген алдымда үлкен мақсат тұрды. Бар қиындықты жеңіп шығатыныма сенімді болдым. Көздегеніме жеттім. Бірінші бәйгеде түйе ұтып алдым. Бұл мені одан да әрмен шабыттандыра түсті. Қамбар ата түлігіне деген сүйіспеншілік мені осы саланың маманы болуға алып келді, – дейді Жания.
Одан бері бойжеткен талай жарыстарда топ жарып, жеңіп шыққан. Сүйікті кәсібі әйел үшін ауыр болғанымен, ол үй шаруасын да дөңгелетіп отыр. Дегенмен, көп уақытын Жания Сұлутөр ауылында өткізеді. Әсем табиғат аясында жүйрігін баптап, жаттығады. Ат жалына жармасып, қарғып мініп, түрлі трюктер жасайды. Бойжеткеннің арманы, «болашақ жарым да атқұмар, еңбекқор азамат болса екен», деп тілейді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ. Қордай ауданы