Аспалы көпір қажеттігін айтты

Облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен ауданға келді.
Алдымен мәслихат төрағасы Аса ауылындағы темір жол алқабына барды.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның Тараз қаласынан Жаңатас қаласына дейінгі және кері бағыттағы 6 жолақты темір жолдан 1000-нан аса тұрғын өтетінін алға тартып, аспалы көпірдің қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ 2021 жылы көпір салуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Жалпы құны — 273 млн 555 мың теңгені құрайды. Көпір ұзындығы — 39 метр, ені 2,60 метрді құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаражат қажеттігі байқалады.
Темір жол маңына ауыл тұрғындары да жиналып, мәслихат төрағасынан оқушылардың мектепке барып келуі үшін алаңдайтынын, қауіпті аймақ екенін жеткізіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге ықпал етуін сұрады.
Ауылдықтардың мәселесін мұқият тыңдаған Абдалы Тоқбергенұлы алдағы уақытта бұл мәселенің шешілуі үшін күш салатынын айтты.

Жамбыл ауданы әкімдігі