ҮКІМЕТ НАҚТЫ ІСКЕ КӨШСЕ, СЕНІМ АРТАДЫ

Тұңғыш рет барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары қатысқан Үкіметтің кеңейтілген жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын оңалтуға қатысты бірқатар реформалық қадамдар жасау міндетін айқындап берді. Үкімет шұғыл қолға алуға тиіс сегіз басымдық белгіленді. Көп жайттан хабардар оқырманға оның толық мәтінін қайталау артық деп санаймыз.

Данышпан Абайдың сөзімен тұжырымдасақ, қазіргі кезде неден үйрену, неден жирену керегі ашық әрі нақты айтылды.

Оның ішінде кадрға, білімге, денсаулыққа, салық жүйесіне, тәртіпке қатысты өзекті мәселелер, жаңа саяси ұғым-түсінік те бар.

Туған жерге, елге табыс көзі ретінде ғана қарауды доғару, тапқан-таянғанды шетелде шашу ұят, көргенсіз іс екені нақты жеткізілді. Дендеп кірген дерттен құтылу жолдары да көрсетілді. Ынсапсыз байығандар немесе шала байшыкештер ойланатын пайымдар айтылды. Іс адамдары елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосса, табысын басқа жаққа емес, елдегі бизнесті дамытуға жұмсаса, нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналатынын алға тартты. Ұлттық бизнес-элита қалыптасу үшін мемлекет ресурсына арқа сүйемейтін, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құруға қабілетті азаматтарды билік орындары қорғап, қолдауы керек. Шын мәнінде, ондай кәсіпкерлерді халықтың құрметтейтіні де сөзсіз.

Президент тағы бір шындықтың бетін ашты. “Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз”. Ауыл шаруашылығы саласын басқарудың қазіргі тәсілі сын көтермейтіні қаншама рет айтылды. Агроөнеркәсіптік кешенді ақсатып қана емес, әлеуетін тежеп тастағаны айдай анық еді. Енді Президент тапсырмасына орай Үкіметтің іскерлігі мен білігі дәл осы тұстан көрінсе құба-құп.

Сондай-ақ, “оң көзіңе сол көзің қарауыл болсын” дегендей, елімізде жүзеге асатын әрбір маңызды инвестициялық жобаға прокуратура өкілдерінің бекітілуін оң қадам дей аламыз. Мұндай әлемдік тәжірибенің көп тиімділігі бар деп ойлаймыз. Біріншіден, кәсіпкерлердің салған қаржысының қауіпсіздігін, кепілдігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан, тиісті сала қызметкерлері дұрыс шешімді қабылдауды тездетіп, алаңдамай жауапкершілікті мойынға алады.

Сонымен бірге кез келген салада ысырапқа жол бермеу мәселесіне көңіл аударды. Күнделікті тіршілігімізде үнемшілдікті өркениетті елдерден үйренетін кез келді. Әсіресе, энергия қуатын, суды пайдалануда өмір салтын өзгертпесе болмайтынын тілге тиек етті. Тапшылық әрдайым қымбатшылықтың есігін қағып тұрады. “Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай “суға өте мұқтаж” елдердің санатына кіруі мүмкін” — деді Мемлекет басшысы. — Халықаралық қаржы ұйымдары беретін қарыз ақшаларының тиісті дәрежеде игерілмейтіні сынға алынды. 

Кезінде атағы алысқа кеткен Жамбыл гидромелиоративтік институты даярлаған кадрлар жүйесі бүгінде көзден бұл-бұл ұшқаны жасырын емес. Сондықтан Үкіметке арнайы мамандар даярлайтын базалық жоғары оқу орнын ашуды, еліміздегі тұтас су шаруашылығы жүйесін жаңартуды, “Казводхозды” талапқа сай қайта құрып, табысты мекемеге айналдыруды тапсырды. 

Ораза айында адамзаттық, ұлттық құндылықтар жөнінде жақсы ұсыныстар, көп уағыз айтылады. Іс жүзінде қаптаған қоғамдық ұйымдардың, тәрбие ошағы — отбасының орасан мүмкіндіктерін пайдалануды жақсы жолға қоюға мүдделіміз. Өйткені, мәдениетті орта, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға үлес қосу ұлтына, нәсіліне, жынысына қарамастан әр азаматтың міндеті болуға тиіс. Бұл — өркениетке бет алған, дамыған елдердің айнымас жолы. 

Президенттің маңызды жиында тұжырымдамалы ой-пікірін естіген Үкімет, өзге билік тармақтары сөзден іске көшпесе, еліміз бәсекелі әлемде көштің соңында қалуы мүмкін. Құдай содан сақтасын!

Жаңаруға ұмтылған жұрт, әділеттікті аңсаған халық,

буырқанған қоғам нақты іс, нәтижелі жұмыс кезеңі басталады деп үміттенеді.

Дархан МЫҢБАЙ

Фб парақшасынан