Қарақыстақтағы тамаша кеш
Т.Рысқұлов ауданының құрылғанына биыл 85 жыл. Атаулы күнге орай, «Ауыл жобасы» аясында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қарақыстақ ауылдық Мәдениет үйінде «Ауылым – алтын тұғырым» көшпелі жылжымалы концерті өтті.
Әуелі мәдениет үйінің ауласына күрес кілемдері төселіп, алтыбақан құрылып, көпшілік асық ату, арқан тарту, қазақ күресі, алтыбақан тебу, асық ату, бестас сияқты ұлттық ойындарды тамашалады.
Сонымен қатар, «Қымызмұрындық» салт-дәстүрінен де көрініс көрсетіліп, ауыл тұрғындары мен қонақтар арнайы дайындалған ұлттық тағамдардан дәм татты. Көпшілікке қымыз таратылды. Сондай-ақ, келушілер 150 адамнан құралған өнерпаздардың орындауында Әбдімомын Желдібаевтың атақты «Ерке сылқым» күйін тыңдап, «Ел іші – өнер кеніші» тақырыбында ұйымдастырылған қолөнер көрмесін тамашалады.
Бұдан кейін ауылдық мәдениет үйінде «Ауылым – алтын тұғырым» атты концерт өтті. Айта кету керек, аталған концертке ауданның Қарақыстақ, Көгершін, Луговой, Абай, Жаңатұрмыс және Қарақат ауылдарының да көркемөнерпаздары қатысты. Әуелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов сөз сөйлеп, Құлан өңірінің тарихы жөнінде әңгімелеп, мұндай рухани кештердің жастар тәрбиесіне де үлкен үлес қосатынын айтты. Концерт барысында келушілерге ауданның және ауыл, елді мекендерінің тарихы, танымал адамдардың өнегелі жолдары туралы да мәлімет берілді.
Қарақыстақ ауылының өнерпазы Ержан Қонысбай Мэлс Өзбековтің «Келші Құланға» әнін әуелете шырқаса, Луговой ауылының өнерпазы, облыстық байқаулардың жеңімпазы Жансая Сәрсенбаева ақын Айша Көпжасарованың сөзіне жазылған «Қызымын елдің бақытын тапқан өнерден» әнін тамаша орындады. Жаңатұрмыстық Абылай Асқаров пен Алина Саяқованың орындауындағы Құрал Молжановтың «Армандайық» әні көпшілік көңілінен шықса, Луговой ауылының әншісі, облыстық «Инабатты келін – 2023» жас келіндер байқауының бірінші орын иегері Әсем Төленбектің орындауындағы «Қазақ қызы әдемі» әні көрерменге жақсы әсер сыйлады. Сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылынан келген жыршы-термеші Нұргелді Оспановтың орындауындағы Тынышбай Рақымның «Ағайынға өсиет» термесі де көпшілікке ой салды деуге болады. Ал, Көгершін ауылдық клубының жанынан құрылған «Домбыра – дастан» үйірмесінің мүшелері Құрманғазының «Адай» күйін нақышына келтіре орындады. Көпшілік бұл кеште «Достық әуендері» фольклорлық ансамблінің орындауында Мэлс Өзбековтің «Тобылғысай», халық әні «Маржан қыз», Қарақыстақ ауылдық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Айдай» бишілер тобының «Әгугәй» қазақ биін, Абай ауылының көркемөнерпазы Маржан Әскербайдың орындауында халық әні «Беу, саған халқым-ай» әнін, Қарақат ауылының өнерпазы Гүлжамал Жарқынбаеваның орындауында Аян Сейітовтің «Ауылым» әнін және Ержан Қонысбайдың орындауында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін тамашалады. Т.Рысқұлов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаевтың айтуынша, мұндай игі шаралар ауданның 85 жылдығы аясында өзге ауылдарда да жалғасатын болады.
Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті