ӨЛКЕЛІК ӨНЕРДІҢ ӨНЕГЕЛІ МАЙТАЛМАНДАРЫ
Сарысу өңірі қасиет қонған киелі мекен. Сарысу жыр мен күйдің елі. Бұл өнерлі өлкеден талай өнер қайраткерлері мен өнерлі өрендер түлеп ұшқан.
Бүгін аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Коворкинг» орталығында жерлес ағаларымыз, сазгер, Сарысу ауданның Құрметті азаматы Төлеу Үшқоңыровтың 85 жасқа және мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Диханбай Ақділданың 65 жасқа толуына арналған «Өлкелік өнердің өнегелі майталмандары» атты сырлы сұхбат, құрмет кеші өтті.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, алқа билер кеңесінің мүшесі Шәріпбек Қалжанов, «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» ТКӨК-нің кәсіподақ ұйымының төрағасы Ізбасар Әбілғазиев, айтыскер ақын Талғат Құсайынов, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев, жас ақын Самат Тоқпанов және мәдениет саласының ардагерлері, кітапхана, мәдениет үйінің қызметкерлері, кітапхана оқырмандары, шығармашыл жастар, өнер сүйер қауым қатысты.
Кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов және кеш қонақтары мерейтой иелеріне ізгі ниет-тілектерін білдірді.
Жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыз мерейтой иелерінің шығармашылығына, аудан мәдениетіне, өнеріне қосқан еңбектеріне кеңінен тоқталды.
Кешті ұйымдастырушы аудандық кітапхана қызметкерлері сазгер ағамыз Төлеу Үшқоңыровтың және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Диханбай Ақділданың ауданда атқарған еңбектері мен өнермен өрілген өмір жолдарына шолу жасап, қатысушыларға кеңінен ашып көрсетті.
Жас ақын С. Тоқпанов ағаларына арнау өлеңін арнаса, аудан жастары шығармашыл ағаларымыздың өлеңдерін оқыды. Жиылған жұрт жүректі жарып шыққан жырларды ерекше ықыласпен тыңдады.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сазгер Төлеу ағамыздың әндерін нақыша келтіре орындап, ән мен жырдан шашу шашты.
Кеш барысында мерейтой иелеріне және мәдениет сласының бірқатар ардагерлеріне «Аманат» партиясының және аудандық кітапхананың атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, кітапхана қызметкері Л. Рақымбаева кешке арналған «Ғибратты ғұмыр» атты кітап көрмесін таныстырып, библиографиялық шолу жасады.
Осылайша, бүгінгі шығармашылық кеш Сарысу өнер дәстүрінің жарасымды жалғасындай болып, әдемі кештің көрінісі көптің көңілінде қалды.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі